Той болса ауылыңда ауылдаған,
Қызықтап кәрі мен жас шуылдаған.
Той иесі меймандарға дәм берген соң,
Әумин деп бата сұрап ырымдаған.
Әлқам деп бата берер қариясы,
Жақсы тілек жақсы сөз жариясы.
Періште әумин десе қабыл болар,
Қыдыр келіп құт қонған дариясы.
Әулие Әмбиенің басын қосып,
Көп жасап көпті көрген жасын қосып.
Пейілге ризық нәсіп оралады,
Байқашы парасатты ақыл қосып.
Үй иесі бай–бәйбіше аман болсын,
Ақылды ұл мен қыз балаң болсын.
Келін де әрі көркем инабатты,
Өсетін кейінгі ұрпақ панаң болсын.
Бейбітті берекелі заман болсын,
Ризық нәсіп кемімей шараң толсын.
Алладан не сұрасаң қабыл болып,
Батамыз осыменен тәмәм болсын.
Секен шешен