Бата деген көңілдің,
Риза болар дауасы.
Мейман деген сыйласқан,
Ағайынның арасы.
Ықыласымен дәм берсе,
Ортаймасын шарасы.
Береке кірер батамен,
Назарыңмен қарашы.
Шаңырақ атын шығарған,
Әкесі мен анасы.
Отбасынан үлгі алар,
Ұл мен қыз баласы.
Мейрімді болса ұл мен қыз,
Қартайсаң болар панасы.
Мұсылман болсын келін деп,
Өткендер айтқан данасы.
Ағайынның болмай аласы,
Дұшпанның болмай жаласы.
Бәрімізге ортақ деп,
Бір Алланың панасы.
Гүлденіп өтсін өмірің,
Қайғы көрмей көңілің.
Ағайынға ғаділ бол,
Еліңе сондай сенімің.
Секен шешен