Өнер қонған саңылақтар,
Көремен сыншы таңдап қал.
Әркімде талғам әр басқа,
Көкірегі ояу аңдап қал.
Жазушы болсаң қаламгер,
Көңілге іңкәр сөз тапшы.
Өмірдің ашып айнасын,
Өшпейтін шырақ нұр жақшы.
Әнші болсаң жез таңдай,
Көпке өзіңді тыңдатшы.
Аңыз қылып айтқандай,
Жүрегінен жол тапшы.
Күйші болсаң бал бармақ,
Ұйқылы жанды оятшы.
Ләззәт алып үніңнен,
Алғандай болсын тоятын.
Биші болсаң мүсінді,
Мәнерлеп көрсет ісіңді.
Он екі мүшең бұралып,
Таңдандыр көрермен кісіңді.
Ақын болсаң айдынды,
Сарқылмас сөздің бұлағы.
Жүрген жерің күнде той,
Халыққа жаққан шырағы.
Шешен болсаң сөз баққан,
Жүректі жарып жол тапқан.
Қарсыласың жасқанып,
Отырады деп сақтан.
Әнші күйші жазушы,
Ақын, шешен бәрісі.
Елдің көркі атанған,
Қазақтың ғұрпын тасушы.
Жақсылар елдің данасын,
Ел қорғаған панасын.
Сөздерін естіп аңыздан,
Риза болып қаласың.
Осылай айтсаң бағасын,
Жақсылар елдің ағасын.
Білгенше берген бағам сол,
Қандай жан мін тағасың.
Әрбір өнер саласын,
Қайран болып қаласың.
Тәңір солай жаратқан,
Адамзаттың баласын.
Дүние алтын сарайың,
Әкелер әлі талайын.
Елдің көркі саңлақтар,
Аралас болар халайық.
Адамның көркі өнерде,
Мағлұм болар әлемге.
Алланың берген бағы ғой,
Еліңнің даңқын көтер де,
Кейінгі ұрпақ ағайын,
Өнерлі болар талайың.
Керуен өмір жалғасы,
Сіздерге сәлем жазайын.
Секен шешен
06.07.1997ж