Орта жүз Жапалақ бидің кәрілікке айтқан сөзі:
«Қырымды көрген бұл көзім,
Сағаласам көрмейді.
Бұл кәріліктің жаманы ай,
Сыбдырды естіген құлағым.
Айғайласа естімейді,
Бұл кәріліктің жаманы ай.
Мал беріп алған әйелің,
Қолынан тартса келмейді.
Бұл кәріліктің жаманы ай.
Балаң өзі туғандай,
Келін өзі келгендей.
Қасықтап жиған малыңнан,
Қарның ашса бермейді.
Бұл кәріліктің жаманы ай.
Сөзді аузымнан таратқан,
Елді алдымнан таратқан.
Қайта айналып келмейді,
Қайран өткен заман ай».