Сырым жас кезінде Бөкен бидің батасын алайын және ақыл сұрайын деп ат шапан алып барады. Сонда Бөкен:
Арқаң көп мінгеннен жауыр болсын,
Мінезің қара жерден ауыр болсын,
Өкпең жоқ, бауыр болсын.
Құлағыңнан сыбыр кетпесін
Жасың алпыстан асып кетпесін-деген екен.
Арқаң көп мінгеннен жауыр болсын дегеніңіз
Халық үшін жұмыс істе, халықты өзіңе ерте біл дегеніңіз.
Мінезің қара жерден ауыр болсын дегеніңіз, беріден ойлама, әріден ойла.
Салмақты бол, жеңіл болма дегеніңіз.
Өкпең жоқ, бауыр болсын дегеніңіз,
Не болса, соған өкпелеме, инені жіпке тізіп, өкпешіл болма дегеніңіз.
Құлағыңнан сыбыр кетпесін дегеніңіз,
Ел арасында дау-жанжал көп кездеседі
Сол мәселені өзің шешіп, ақ қарасын айырып, дұрыс төресін бере біл дегеніңіз.
Жасың алпыстан асып кетпесін дегеніңізге мен түсіне алмадым- дейді.
Сонда Бөкен қарт Сырымға ақырған екен.
-Мен сенен құдайдың берген жасын қызғанамын ба, жүз алпысқа кел. Менің жасым сексен төртке келді. Алты пәлеге тап болдым. Мен сені сол алты пәледен аулақ болсын деп едім. Ол мыналар: 1. Үлкен үйге кіре алмадым. 2. Кіші үйге сыя алмадым. 3. Қара сақалды әкем болды. 4. Қара шашты шешем болды. 5. Ауру келді. 6. Кәрілік жеңді. Міне, алты пәле деген осы деді. Бұған қалай түсіндің?-дейді. Сонда Сырым батыр:
- Үлкен үйге кіре алмадым дегеніңіз, адамның қатары кетеді, баратын үй таусылады.
- Кіші үйге сыя алмадым дегеніңіз, өзіңнен жасы кіші адамдардың үйіне жасы үлкен адам шақырусыз бара алмайды.
- Қара сақалды әкем дегеніңіз, өзіңнен туған кей бала есейген соң әкенің тілін алмайды. Әкені дұрыс баға білмейді. Бір сөз айтсаң, бетіңді қайтарып тастайды.
- Қара шашты шешем дегеніңіз, сол баланың әйелі-келінің. Осы шалға не керек екен, берген асты ішіп жата бермей ме дейтін шығар.
- Ауру мен 6. Кәрілік түсінікті ата-депті. Сонда Бөкен қарт: «Бақытты бол, балам, жұмбағымды жақсы шештің»-дейді. Сырым Бөкен биден: Қатты жерге қақ тұрады, қатты адамға мал тұрады дейді, осы не сөз?-деп сұрапты. Сонда Бөкен: Қатты адамға мал тұрар, қайырымы жоқ кәпір болса. Қатты жерге қақ тұрар, шөп шықпайтын тақыр болса-деген екен. Сырым жігіттің дос пен қасын қалай айырады деп сұрапты. Сонда Бөкен: -Досың алыста, қасың жақында. Жаман туысқаннан жақсы жолдас артық дейді. Сырым пайда мен зиянды қалай айыруға болады?-дейді. Сонда Бөкен пайда мен зиянды айыру қиын, пайда дегенің зиян болады, зиян дегенің пайда болады. Ол ғайыптың ісі дейді. Сырым Бөкен бидің батасын алып, жүрейін деп жатқанда, Сырымға қарап Бөкен басын шертеді. Сырым оған аузын ашып, тілін көрсетіпті. Сонымен Сырым Бөкенмен қоштасып, аттанады. Сырымның жанындағы жолдастары Бөкен неге басын шертті, сен неге аузыңды ашып, тіліңді көрсеттің дейді. Сонда Сырым:- Ол кісінің маған басын шерткені, басқа пәле қайдан келеді дегені. Мен оған тілімді шығарғаным, басқа пәле тілден келеді дегенім еді депті.