Сөз еттім бұл заманның ағымына,
Көп мінез қайшы келіп ақылыма.
Арамдық адалдықтан басым еткен,
Залымдық дүниеқордың жақыны ма…
Өсек сөздің патшасы болған заман,
Ұрлықпен жиған малдың түбі қарам.
Залымдықпен құлақтың жемісін жеп,
Фәниде боп бақиын ойламаған.
Үлгілі өнеге жоқ кәрімізде,
Теп-тегіс надан болдық бәрімізде.
Алланың бес парызының бірін білмей,
Кемшілік толып жатыр әлі бізде.
Қарт ойнау парыз болды кәрімізге,
Арақ ішу қалмай тұр бәрімізде.
Жас ұрпақ надандардан үлгі алмашы,
Ібіліс кетпей тұр-ау әлі бізде.
Парасатты көрініп бер жағымен,
Залымдықты ойлап тұр ар жағымен.
Адалдыққа бас изеп іші сүймей,
Өзінің кәсіп қылған соқпағымен.
Өтірік бұл-дағы бір қонған дәулет,
Әкеден баласына жұққан қан боп.
Ұрлық пен осы сөздің тамыры бар
Ежелден келе жатқан бір туған боп.
Кей адам басы ауырса «Алла» дейді,
Қысқартпа ғұмырымды жалға дейді.
Қол-қайыр садақасын сауда бермей,
Садақа алар бір нашар бар ма дейді.
Шариғат таусылмайтын аққан бұлақ,
Пайдалы не нәрсені ұққан құлақ.
Аз ғана фәни жалған өте шығар,
Бақидың сұрауы көп ойлан шырақ.
Еңбекпен ерінеді мал табуға
Жалқаудың айласы көп жал табуға.
Адалдық ғаділдіктен безген адам,
Қарамнан ар-ұятсыз мал табуға.
Жаратқан сенсек егер иемізге,
Адал еңбек ақ жолмен жүремізде.
Кемге жәрдем ағайынға ғаділ болсақ,
Онда біз сол тамыққа күйеміз бе?
Алдыңда сегіз жұмақ, жеті тамық
Қиямет махшар күні болары анық.
Қарасақ майданында тексереді,
Амал дәптер сөздерін кірге салып.
Адалдық шариғаттың түп қазығы
Қанағат адамзатқа жан азығы.
Қайырлы адал еңбек ерінбесең,
Ғаділдің фани мен бақида жоқ жазығы.
Аз ғана айтқан сөзім мінездеме,
Бұл дүние аз ғана күн мінген кеме.
Уақыт жел, өмір толқын ойлап тұрсаң,
Баянды соңғы тұрақ қара жерде.
Қара жер соңғы біздің қонысымыз,
Иман деген бір сөз бар болысымыз.
Иманды, инабатты болу-болмау,
Ол біздің тірліктегі борышымыз.
Шын көңіл ақ ниетпен «Алла» десек,
Ешқандай қарамдыққа барма десек.
Ғаділдік шариғатта нақтық жолы,
Біреудің қоқысынан алма десек.
Маңдай тер, адал еңбек кәсіп етсек
Халалдан «бисмиллә» айтып нәсіп етсек.
Бақиға күнәсіз боп пәк барамыз,
Фәниде нәпсі тыйып адал өтсек.
Өсиет сөз қалдырсақ ұрпақтарға,
Баянды бұл дүниеде тұрмақ барма.
Кейбірі рас-ау деп ойына алса,
Екінші мазақ етіп ыржақтарда.
Нәпсінің ермей өтсек тетігіне,
Бір Алла ақыл берсін жетеңізге.
Парасат майданында махшар күні
Сүрінбей қыл көпірден өтесің де.
Фәниде қарғыс алмай алғыс алсаң
Аллаға құл, Пайғамбарға үмбет болсаң.
Азабы қияметтің жоқ секілді
Бақиға адал өтіп дүние салсаң.
Досыңды артық сана дүние малдан,
Дәм бітсе опасы жоқ бәрі қалған.
Жас келсе уақыт өтіп өкінерсің,
Баянсыз өте шығар дүние жалған.
Қартайсаң қуат кетіп дене солар,
Қиялың таусылмайтын ұзақ сонар.
Жеткенше парасаты әркім өзін,
Бағалап алды-артын оймен шолар.
Уақыт жел, өмір толқын, ғұмыр өлшем
Деген ой сөзім қалсын өзім өлсем.
Фәниде жердің үстін серуен етсең,
Бақиың жердің асты түбі терең.
Жақсының өзі өлсе де сөзі қалған,
Не пайда көп жинаған дүние малдан.
Бұйрықтан артығы оның нәпсі емес,
Дәм бітсе опасы жоқ бәрі қалған.
Ғибадат бір Алланың барлығына,
Үкім бар патшалардың жарлығында.
Адамға парасатты ақыл керек,
Орны не нәрсенің барлығына.
Шариғат айтқан сөздің мағынасы,
Адалдықты ғаділдік деп қарашы.
Дүниеге түзу келіп, түзі кету
Деп кеткен бұрынғының ғұламасы.
Сөз айтпа тыңдамасқа зия кетер,
Ұға алмай мағынасын дейді бекер.
Оның ойы сенде емес басқада отыр,
Пайда ойлап жатса-тұрса ғұмыр өтер.
Қарт ойнау, арақ-шылым заманымыз,
Өсек, өтірік, ұрлықпен наданымыз.
Бір доға момын жандар түзу жолда,
Бұл күнде атанып жүр жаманымыз.
Мадақтап кәрі мен жас осы жолда,
Шариғат естіген сөз қалар жолда.
Боғына бұл дүниенің көзі тоймай,
Ғибадат жиғандайық соңғы жолда.
Адамға ақыл дана, мінез сана,
Ой-өріс, көңіл-жайлау ұяласа.
Тәупіксіз мұның бәрі тұрақты емес,
Парасат нәпсі тыйып құрамаса.
Жеткіншек, кейінгі жас балаларым,
Бар шығар кейбірінің саналарың.
Үлгілі өнегелі сөз қалдырған,
Бұрынғы ертеде өткен бабаларың.
Сөз қалар қариялардан дана болса,
Ұғатын сөз қадірін сана болса.
Не пайда қуыс кеуде топастардан,
Сөздері сайықмазақ шала болса.
Қартайсаң қуат пен ажар кетер
Жастықтың ойын-сауық базар кетер,
Жастықта қартаймастай надандықпен,
Қиялмен осы айтқанды дерсің бекер.
Кәрілік жұрдай қылар ажарыңнан
Жастықтың бірі қалмай базарынан.
Ми тозып, қуат кетіп, дене солып,
Өлімнің жақындаған қабарынан.
Секен шешен