Келін алсаң болады төбең таудай,
Басыңа бас қосылса дейсің тәубә-ай.
Отау деп үй ішінен шаңырақ құрып,
Той думан өткізесің көңіл сауда-ай.
Орысша мода деген киім алып,
Қарамай қымбатына ақша салып.
Бір түнге киген соң керексіз болып,
Тұрады исрап болып текке қалып.
Құда мен құдағидың көңілін тауып,
Құдағиды алтындап, құдаға шапан жауып.
Осылай той-думанды өткізесің,
Борыштап өзіңді-өзің жауша жауып.
Енді айналып келейін келініме,
Ол қалай қарайды екен серігіне.
Ерім деп жан-жолдасын құрметтесе,
Қош болар кемпір шалдың көңіліне.
Кемпір-шал бұл орданың шаңырағы,
Өмірдің көбі өтіп қалған шығар азырағы.
Кәріні ренжітпей соңғы жолға шығарып сал,
Артында қалған ұрпақ шам-шырағы.
Енді айналып келейін ұлымызға,
Қартайған соң қалмады-ау құнымыз да.
Сыртынан парасаттап байқап көрші,
Кейбірі жармасады пұлымызға.
Кейбіреуі кетеді келіннің жетегінде,
Кейбірі арақ құйып өңешіне.
Кейбірі кең дүниеден жол таба алмай,
Масыл болып әке мен шешесіне.
Енді бірі кетеді ұрлықпенен,
Алдап арбап жалған сөз құлықпенен.
Кезінде мирас құрып, шаңырақ құрмай,
Өкінер қайран өмір құлдықпенен.
Кінәлі осыларға заманы ма,
Әлде ақылсыз болып туған наданы ма.
Әркім өзін сөйлесе жөн санайды,
Ақыл айтқан кәрісі жаманы ма.
Ұлдардың ішінде бар қымбаттары,
Таңдап алған жары бар сымбаттары.
Құдайым ғұмыр жасын ұзақ қылсын,
Әумин өсіп-өнсін ұрпақтары.
Секен шешен