Кәрілік бұл өлімнің хабаршысы,
Тәніңнің сәні қалмас ажарлысы.
Ой қалып, қуат кетіп, дене солып,
Күніңнің бірі қалмас базарлысы.
Қадыр болмас жасың жетіп кәрі болсаң,
Құлақ мүкіс, көз көрмескі әрі болсаң.
Қосылып аяқ пен бел сырқырайды,
Көп жаса деп бата алып кәні болсаң.
Кәріден аяқ қолдан күш кетеді,
Көзден нұр, ауыздан тіс кетеді.
Құлақ мүкіс, беттен нұр кетеді,
Дәмді ас пен жылы жерді күзетеді.
Кәріге жарасады ошағымен,
Әрине бірге өскен қосағымен.
Мейірімді келін балаң және болса,
Деп ойла көрген күнің жұмақпен тең.
Кәрінің қосағы жоқ дара болса,
Ұқыпсыз келін бала және болса.
Жалғанда көрген күнің тозақпен тең,
Ойлайтын осы арасын сана болса.
Қартайсаң уайым торлайды,
Қуат кетіп қорлайды.
Өлімнен бәрі хабаршы,
Бұрынғы дәурен болмайды.
Кәрілік келсе мойыма,
Адалдықты сақта ойына.
Ғибадат – рақым, қол – қайыр,
Ақіреттік тойына.
Қартайсаң қуат кетіп дене солар,
Қиялың таусылмайтын ұзақ сонар.
Жеткенше парасаты әркім өзін,
Байыптап алды артын оймен шолар.
Кәрілік деген алдыңда қарулы тұрған торың бар,
Зұлымдық кінә істесең тартатұғын сорың бар.
Қайта айналып келмейсің жүретұғын жаңылтар,
Артын енді ойлашы қара жерден орын бар.
Секен шешен