Қазақтар ертеде жылына бір рет Күлтөбеге жиналады екен. Хан сайлау, би сайлауға. Сондай бір жиын мәжілісте бір бай адам жаңа түскен келін баласына бата сұрай келіпті жақсы менен жайсаңдардан. Сонда Төле би үш жүзден үш би шығарып бата бергізіпті.
Сол батаны тыңдаңыздар.
Бірінші би:
«Ұлы жүз қара шаңырақ баласынан,
Қазақтың ұлан байтақ даласынан.
Келінге тілек тілеп бата беру,
Қазақтың дәстүр болған данасынан.
Келін жана ата-енеңе сыйлы болшы,
Өзгеге өнегелі үлгі берші.
Адамға жақсы мінез жан азығы,
Әмин дедім басыңа бақыт қоншы.
Есіңе ал ата-ененің қасиетін,
Ұғып ал саған айтқан өсиетін.
Адамға жастық дәурен көп тұрмайды,
Бір кезде кәрілік келер бас иетін.
Ақ арың елден асқан дана болшы,
Содан соң ақ жаулықты ана болшы.
Батамыз әмин айтқан қабыл болып,
Құдайым жеті-сегіз бала берші.
Сүйенсең ниетіңе халқым саған,
Қайның мен қайынсіңлің алтын жағаң.
Ата-енең ықласыңа риза болып,
Мейрімі саған деген сарқылмасын».
Екінші би:
«Орта жүз Орманбеттің баласынан,
Қонысы Сахараның даласынан.
Келінге ақ ниетпен бата бердім,
Көзімнің ағы менен қарасынан.
Құдайым аман сақта тілмен көзден,
Қағыс қыл пайдасы жоқ өсек сөзден.
Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан,
Ежелден келе жатқан мәтін сөзбен.
Ұл мен қыз бір-біріне жар болғаны,
Ғашықтық махаббаттың бар болғаны.
Жастары балидыға толғаннан соң,
Іңкәрлік көңілінде бар болғаны.
Ұл мен қыз өсіп өнер әр ұяда,
Аққудай қонған дарияға.
Ұя салып сол дарияның қонысына,
Балапан ұшырады қапияда.
Өмірге ұрпақ келсін інгәлаған,
Әлдиі бесігінен үн тараған.
Балалы үй ордамызда базар болсын,
Ақ тілек дуалы ауыз батам саған».
Үшінші би:
«Інісі ағалардың соңына ерген,
Тергендей сөз маржанын бата берген.
Басыңа бақ тауындай бақыт қонсын,
Ризықты осы келін ала келсін.
Жақсы ене жас келінге үлгі берген,
Өмірден тәжірбие көп көзі көрген.
Қолыңа бір ақ сұңқар қонған,
Үмітің енді болар немереден.
Келініңнің босағасы берік болсын,
Жас отау ақ ордаға берік болсын.
Тәңірім қайырлы ғылып ғұмыр берсе,
Мақшарлық бір-біріне серік болсын.
Жас келін бір балапан ұядағы,
Қонысың құтты болсын ұядағы.
Мал мен бас бір ордада өсіп өнсін,
Көңіліңнің болсын енді тыянағы.
Босағаң берік болсын алтындаған,
Көңілің ашық болсын жарқылдаған.
Үйіңе мейман келсе қабақ шытпа,
Батамыз осыменен болсын тәмәм».