Заман-ай

      

(Жан-жарыма арнадым)

Заман-заман, замана-ай,

Бәрін көрер адам-ай.

Жастықта кемдік білінбес,

Кәрілік келсе жаман-ай.

 

Заман-заман, заман-ай.

Мейманы болған адам-ай.

Баянсыз өмір өтеді

Тағдыр келсе жаман-ай.

 

Заман-заман, заман-ай,

Торына түсер адам-ай.

Қосағың өтсе өмірден,

Дара боп қалған жаман-ай.

 

Адамзат көшкен керуен,

Дүние аз күн серуен.

Куаныш алып келумен,

Қайғысы бар өтумен.

 

Қызыққа пенде тоймайды,

Тағдыр көрмей қоймайды.

Ұрпағың қалса артыңда,

Тәубе етпеске болмайды.

 

Өлеңім емес айтатын,

Қартайғанда сән қылып.

Қимастық назы жүректе,

Тұрады екен жаңғырып.

 

Сыйласып өткен жан-жарым,

Адамның бітпес арманы.

Елу төрт жыл отасып,

Ажырап сенен қалғаным.

 

Сыйластық шіркін қандайсын,

Арайлап атқан таңдайсың.

Аңызда ғана қалады-ау,

Қара жер бәрін жалмайсын.

 

Ұйқысыз өткен әр түнім,

Ойлап жатқан жар мұңын.

Жүрегімнен сөз теріп,

Атқызамын таң нұрын.

 

Ұл-қызымның анасы,

Отбасының қаласы.

Жас келген соң тағдыр бар,

Болмайықшы наразы.

 

Жастық, шіркін, жаз екен,

Баянсыз өмір аз екен.

Өткен күнді ойласам

Жүректе қалған наз екен.

 

Бозбала болған кездерім,

Жүректе қалған сөздерін.

Қызды ауылды қызықтап,

Бір өзіңді көздедім.

 

Сөйлесіп хатпен таныстық,

Кездесіп кол алыстық.

Інкәрлік көңіл сөнбейді

Адамға сүйген жар ыстық.

 

Назданып маған қараушы ең,

Жан-жарың ғып санаушы ең.

Қырдан асып кеткенше,

Артымнан ұзақ қараушы ең.

 

Бұрылып мен де қараушы ем,

Өзіме тең деп санаушы ем.

Назыңды ұғып бейнеңнен,

Мақшарлық жар деп санаушы ем.

 

Өткен күн қайтып келмейді,

Көңілді ғана тербейді.

Ұрпағың қалды артыңда

Шырағың сенің сөнбейді.

 

Қара жер мәңгі қонысын,

Иманың болсын жолдасың.

Баянсыз өмір осылай,

Қалғаннан дұға қаларсың.

 

Сен өтсең де өмірден,

Шықпайсын сен көңілден.

Кездесерміз маһшарда

Тәңірім жазса сенімен.

 

Айтылған сөзім сыйластық,

Отбасы боп жинастық.

Қартайып жасың келсе де,

Көңілде қалар қимастық.

 

Өлгендер қайтып келмейді,

Көңілде назы сөнбейді.

Ескерткіш қылып айтқан жыр.

Әркімнің көңілін тербейді.

Секен шешен

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *