Жамбыл ертеде Құлмамбетпен айтысыпты. Қарсыласы бай мен төрелерді мақтай беріпті. Сонда Жамбыл оған:
Адамдықты айт, ерлікті, батырлықты айт
Ел бірлігін сақтаған татулықты айт.
Қарымбайдай сараңдар толып жатыр
Оны мақтап әуре болмай, жөніңе қайт.
Жамбылдың бұл сөзіне Құлмамбет оның руынан ертеде жаудан өлген Сауырық-Сұраншы деген адамдар болыпты. Соны бетіне шіркеу қылып, мына сөзді айтады. Ақыры Сауырық –Сұраншы жаудан өлгенді көзіме де ілмеймін енді депті. Оған Жамбылдың берген жауабы :
Батыр Сұраншы Сауырық жаудан өлген
Халық үшін шәйіт болып, жанын берген.
Елді қорғап өлгеннің арманы не
Қалың қазақ құрметтеп соңына ерген.
Жамбыл өзімен істес Қалмақан Әбдіқадыровқа:
Насыбай бер,
Насыбайың бар болса, жасырмай бер.
Саулық қойдың жасындай жасым қалды
Бірер жылға Жамбылды асырай бер-депті.
Жамбыл жүзге жақындағанда әлі таусылып:
Жетіппін жүре-жүре қыр басына
Жол екен таусылмайтын бір ғасырда.
Елбіреп ең аяғым дірілдейді
Көз жетпей тұрарыма тұрмасыма дейді.
Осындай халге келген Жамбыл дәрігерге мынадай «наз» айтады.
Тамырдың тілі қалай дәрігерім?
Жамбылға турасын айт, сыр жасырма.
Жетелеп біраз күнге жүріңдерші
Кез болдық қайдан демей бір масылға.
Қалыппын ие бола алмай өзіме-өзім
Әлім жоқ, күш-қайратты етті көзім.
Балалар өле-өлгенше асырай бер
Сендерге сол-ақ айтар соңғы сөзім.
1943 жылы Жамбылдың аса жақсы көретін ұлы Алғадайдың ерлікпен қазаға ұшырағанын Қазақ ССР Жоғарғы Совет Президиуымының төрағасы бастаған комиссия естіртіпті. Әттең дүние-ай, ұзақ уақыт сазарып отырып қалған Жәкең басын көтеріп, бұл қайғыны қалай көтеремін енді дей келе:
Алатауды айналсам,
Алғадайды табам ба?
Сарыарқаны сандалсам,
Саңлағымды табам ба?
Өлім деген у екен
Мендей кәрі адамға.
Күнде үйімде күңіренем
Көзіме жас алам да- депті.
2.2.1966 ж.