Жаманқұл

Ертеде өткен Күрлеуіт руынан Жаманқұл деген ақын болыпты. Сол кісінің терме сөзінің бірі мынау:

Біріншіден не жаман?

Білімсіз өскен ел жаман.

Екіншіден не жаман?

Елеусіз қалған сөз жаман.

Үшіншіден не жаман?

Үлгісіз пішкен тон жаман.

Төртіншіден не жаман?

Төресіз өскен ел жаман.

Бесіншіден не жаман?

Бесіктегі жас бейбақ

Жетім қалса сол жаман.

Алтыншыдан не жаман?

Алты қанат ақ орда,

Иесіз қалса сол жаман.

Жетіншіден не жаман?

Басынан желек түспеген

Еңкейіп тамақ ішпеген

Жаза түскен жас бейбақ

Жесір қалса сол жаман.

Сегізіншіден не жаман?

Сергелдең қылған жол жаман.

Тоғызыншыдан не жаман?

Тоңқайып масақ тере алмас,

Еңкейіп орақ ора алмас

Кемпір менен шал жаман.

Оныншыдан не жаман?

Ұзындығы он табан,

Көлденеңі бес табан

Қазулы тұрған көр жаман.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *