Еске алу

      

(Қадишаның өмірден озғанына бес жыл)

 

Жарымның өмірден өткеніне,

Бесінші жылға айналды биыл міне.

Сағынып өткен күнді еске аламын,

Сөзімнің құлақ қойшы түйініне.

Отасқан елу төрт жыл жарым едің,

Дәм бітіп, тағдыр, шіркін, алып едің,

Ажалсыз кеудемізден жан шықпайды,

Артыңда қимастықпен қалып едім.

Сөзіңнің жүрегімде назы қалған,

Өмірдің көбі кетіп азы қалған.

Сағынып өткен күнді хатқа жаздым,

Баянсыз өмір, шіркін, мына жалған.

Еске алып сүйген жарды хатқа жаздым,

Қадиша жан-жарым деп атқа жаздым.

Әркімнің айтылмайтын мұңы бар-ау,

Әрине оқысын деп жатқа жаздым.

Сағындым өткен күнді арман қылып,

Күн қайда отыратын әзіл құрып.

Өткенін құрбылардың көрген кезде,

Біз дағы мұңаюшы ек шағым қылып.

Ешкімге баяны жоқ мына жалған,

Тағдырдан ешкім жоқ-ау аман қалған.

Етпейік Тәңірге біз наразылық,

Ұл мен қыз ортамыздан ұрпақ қалған.

Ұл-қыздың тілеуші едік амандығын,

Бір Алла көрсетпе деп жамандығын.

Тағдырдың ғаділдігі қартын алу,

Менің де соған таяу мазам бүгін.

Шариғат о дүниені махшар дейді,

Өтеп сен жар парызын ақтал дейді.

Жарды сыйлап өмірден біз адал өтсек,

Астарын жүрегіңнің ақтар дейді.

Өткен күн көңіл ойда сағым болған,

Қағазға хат жазатын шағым болған.

Мұңымды хатқа жазып дауалаттым,

Сүйген жар жүрегімде назың қалған.

Қымбатсың әрқашанда сүйген жарым,

Қағазға есіме алып сөз жазамын.

Пәни мен бақилықтың арасына,

Естелік артымызда мұң қаларын.

Құрметтеп сөз жазамын жан-жарыма,

Пендеміз таусылмайтын арманымда.

Етпейік тәңіріме наразылық,

Жас жетіп дара болып қалғаныма.

Сағындым өткен күннің шуақтарын,

Сағым боп есте қалған жұмақтарын.

Қамшының сабындай-ақ қысқа өмірдің,

Ешкімге баяны жоқ тұрақтарың.

Жарды ойлап көңіліміз құлазыған,

Сөйлессек замандаспен мұң басылған.

Еске алып өткен күнді баяндасақ,

Жүректің қимасына жыр шашылған.

Өмірден өткен күннің ізі қалған,

Ешкімге баяны жоқ мына жалған.

Ризалық жаратқанға тәубе етейік,

Ұл мен қыз артымызда ұрпақ қалған.

Өмірде шаңырақ құрып сыйласқан жар,

Отбасың ынтымақпен жинасқан жар.

Жанұя ортамыздан қанаттанды,

Махшарда кездесерміз қимастық жар.

Уа, дүние, үстің думан алтын сарай,

Пендесі қуанады нұрға қарай.

Мәңгілік ешкімге де тұрағың жоқ,

Арман ғып өтеміз ғой қарай-қарай.

Тағдыр да жас, кәрі деп қарамайды,

Алладан ахуал келсе жазу солай.

Пендесі керуен жолмен өтіп жатыр,

Қойнына жер ананың тарай-тарай.

Қайғының арты суып мұң болады,

Дүние бізді алдайтын қу болады.

Өмірдің баяндайтын тұрағы жоқ,

Бақидың мәңгілігі шын болады.

Өткендер қош айтысып жалғанына,

Жеткен бар жетпеген бар арманына.

Артынан дұға оқытып, дәм береді,

Тәңірім құмыр берсін қалғанына.

Баянсыз өмір деген аққан жұлдыз,

Басыңа кәрілік келсе адам құнсыз.

Жастық шақ ешнәрсені ойлатпайды,

Шалқыған бал-дәуренің көңіл-мұңсыз.

Көңілде қалған сол жылдар,

Махаббат қызық мол жылдар.

Фаниден өткен бақиға,

Мақшарға Тәңірім жол шығар.

Секен шешен

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *