Кіші жүз Жараспай елі Қыпшақ Хангелді батырды өлтіріп, артынан неше рет барса да теңдік бермепті. Ол кезде Бала бидің шын аты Ыбырай екен. Қыпшақ елі тағы да барамыз деп жиылғанда Бала би тілек етіп, бірге кетеді. Жарасбай елінің егде тартқан Ысмайыл деген биі ешкімге сөз бермейді екен. Ел тағы сол биді алдырады. Екі жақтан үш кісіден шығады. Қыпшақ жағынан үштің бірі болып Бала би шығады. Баланы көрген қарт би былай дейді: -Баланы мұнда неге әкелдіңдер? Бұл келіннің тойы, кемпірдің өлімі емес, ердің құны, нардың пұлын даулайтын, үлгілі би, үнемді жүйрік түсетін, ердің арысы, елдің намысы сөз болатын жер емес пе, түйенің тайлағы, баланың ойнағы ма бұл?-депті. Сонда Бала би былай деп жауап қайтарса керек. Үш жүздің баласы бас қосқанда Орманбет би айтқан екен. Ердің құнын жастың жайсаңы даулайды. Кәрінің сайтаны даулайды деп. Мен жастың жайсаңы едім, сен кәрінің сайтаны болып осы дауда нең бар еді депті. Кәрі сөзден жеңіліп, құнын берген екен.