Елу жас

 

Елу деген жасыңыз,

Ердің жасы делінер.

Жан-жағына қарасаң

Қырдың басы көрінер.

 

Жас тоқтамай желінер,

Қуат кетіп кемілер.

Кәрі мен жас бөлінер,

Баяғыдай көрінер.

 

Туғанда қуаныш делінер,

Өлсе қайғы желінер.

Жақсы-жаман, кәрі-жас

Ажал келсе тоқтау жоқ

Қара жерге көмілер.

 

Баянсыз фәни жалғаның

Бұйрықты жерге бармағың.

Қол қайырмен ғибадат,

Сол ғана сенің алғаның.

 

Сенімді болсаң еліңе,

Ел ағасы делінер.

Сұм-сұрқия надандар,

Ата аталмай өлген соң

Өзімен бірге көмілер.

 

Бар болса шағың дәулетің,

Елге тигіз пайдасың.

Баталы құл арымас,

Қол ашық пенде делінер.

 

Ішпей жемей көп жисаң,

Шайқалып барып төгілер,

Кем кетікке көз салмай,

Талай жандар өкінер.

 

Кәріні қазына делінер,

Ақылды болса селінер.

Байсалды мінез сабыр да,

Бұған да көңіл бөлінер.

 

Жақсыдан қалған ғибрат сөз

Көңілге дән боп себілер,

Ұрпағымен жалғасқан,

Халықты қазына делінер.

 

Моллалар айтқан шариғат,

Құран сөзі делінер,

Ықыласыңмен тыңдасаң,

О дағы сауап көрінер.

Секен шешен

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *