Сұңқарбек, Дүйсекең, Сатыбай үшеуі жолдас болып бір үйге келеді. Сұңқарбектің сондағы айтқан сөзі:
Қош көрмесең қонақты
Езу тартып күлмейсің.
Атаң қонақ күтпесе,
Қонақ қадірін білмейсің.
Сатыбайдың сөзі:
Мен өзім ас бергендей кісі едім,
Жазаласа қой сойып, бас бергендей кісі едім.
Үй иесінің сөзі:
Дәулет қайтса құдаң кетер,
Ауыз тамыр жұда кетер
Қолыңдағы дәулетің сырт айналса,
Қызыл түлкідей бұлаң етер.
Дүйсекең сөзі:
Дәулет қайтса ешкі бітер,
Ешкі жинаймын деп есің кетер.
Қара жаңбыр болса ығып кетер
Оны қасқыр қырып кетер.
Одан да осы үш лақтың бірін сойсаң,
Осы жұмыстың бәрі бітер- деген екен.
Бәйке қарттан жазып алған Секен. 29.01.1967 ж.