Баталы сөзім жастарға,
Өмірге кадам бастарға.
Әрбір сөзден ғибрат ал,
Тілекті сөзді қостарда.
Сөз миуасы бата бар,
Тілекті сөзін санап ал.
Сөз маржанын теретін
Ел ішінде ата бар.
Шаңырақ құрсаң жар сүйіп,
Мақшарлық жолға жарай біл.
Қол ұстасар жарыңды,
Өмірден байқап қарай біл.
Сыйлас болсын жан-жарың
Дүниеден үлес алғаның.
Өмірде көрген жұмағың
Қызықты өтер жалғаның.
Байлығың болсын ақылың,
Адал дос болсын жақының.
Жан-жарыңмен сыйлас бол,
От басында жақының.
От басының кіндігі,
Әйел ана атанған.
Ұйытқысы болып орданың,
Ата-енеден бата алған.
Сәулетті сарай жұмақтай,
Дәулетің тассын тұрақтай.
Ұл-қызың өссің мейірімді
Алдыңнан жанған шырақ-ай.
Жұлдызың түссін оңыңнан
Ұрпағын ерсін соңыңнан.
Немере, сосын шөбере,
Қанаттандыр қолыңнан.
Махаббат деген тотыны
Жаңғырта берме қайталап.
Көзге көңіл ермесін,
Адасып қалма сайтанап.
Жақсы әдеппен ғұрыпты,
Өмірден байқап теріп ал.
Өмір жолың саяхат,
Дін-ғылымнан ғибрат ал.
Атадан қалған асыл сөз,
Құлаққа кұйып ұғып ал.
Зейін қойып тыңдасаң,
Бірі шекер, бірі бал.
Қазына көзі халықта,
Естіп ұғуға жалықпа.
Талаптыға нұр жауар,
Өзің де сондай шарықта.
Құнарлы ойлы қарттардың
Кәусар сөзін ұғып ал.
Ұрпаққа үлгі айтатын,
Миуалы ойдан ғибрат ал.
Өмірден бәрі табылар,
Өткенді адам сағынар.
Бес парызды өтесең,
Алдыңнан шырақ жағылар.
Ағайын, туыс, ауылың,
Сыйлас болсын бауырын.
Сабырлы бол салмақты,
Сөздің айтпа ауырын.
Нашарға берсең қол қайыр,
Ғибадат болып табылар.
Мұсылмандықтың белгісі
Сауаптап болып жазылар.
Қарттарды сыйла есіңе ал,
Кәусар сөзін ұғып ал.
Ескіні естен шығарма
Алдыңда сізге өмір бар.
Қартайған әке-шешеге
Қамқорлық керек ұрпақтан.
Риза ғылып бата алсаң,
Саған да орын жұмақган.
Ақтамасаң олардың парызын
Өтелмейді сенің қарызың.
Өз басыңа келеді,
Оны да ойла жан үшін.
Болмасын сөздің шүбәсі
Алланың кешпес күнәсі.
Ата-ана риза болмаса,
Көктемес оның миуасы.
Байлық деген жақсы ғой,
Қызартпа оған көзіңді.
Опасыз болып кетпесің
Ақылмен ұста өзіңді.
Адалдық жолмен байысаң,
Қайырлы болған дәулет қой.
Харамдық жолмен байысаң
Қайырсыз болған нәубет қой.
Садақалы дәулет жи,
Қанағат ұста, нәпсі ти.
Сауабын алсаң ортаның,
Шуақты болар өмір кұй.
Әуес болма араққа,
Өмірден көріп сарапта.
Бұ дүниеде болар мазақта,
О дүниеде болар тозақта.
Жастық деген бал-дәурен
Баянды болып тұрмайды.
Кәрілік деген кезек бар
Өткенді айтып жырлайды.
Қысқаша сөзбен мысалым
Өмірден теріп жиғаным.
Керектісін сүзіп ал,
Ақылыңа қос сиғанын.
Шаңырақ сәнін келтірген
Сыйпас болған жар екен.
Тәубе келтір Аллаға,
Өмірде олар бар екен.
Ұрпақтар солай көктесін
Адалдық жолға беттесін.
Тотықпасын махаббат
Ұмытып оны кетпесін.
Баталы тілек айтамыз,
Мүмкін-ау тиер пайдамыз.
Айтпай кетті демесін,
Өмірден біз де кайтамыз.
Сатылап келген өмір бар,
Нәпсіге ерген көңіл бар.
Нәпсі жауға жол берме,
Ақылың сенің асқар тау.
Жастық дәуір жұмағың
Жанып тұрған шырағың.
Баталы сөзден ғибрат ал.
Жағалай өссін құрағың.