Уәлихан Бағаналы Барбасбайдан бір аңды атып сұрап ала алмапты. Сонда Бала би Досбол мен сұрап алып беремін деп барыпты. Сонда айтқан сөзі:
Қаның сәлем айтты ғой
Бағаналы Борбасым.
Маған беріп жіберсін
Қара қасқа жорғасын.
Жуандығы өзімдей,
Сұлулығы өзіңдей
Жүйріктігі жантастай
Беріктігі құлтастай
Жорғалаған жорғасы
Қанжығалы Әменнің сөзіндей.
Топқа мініп барғанда
Артында міні болмастай,
Жөнелгенде жорғалап,
Аяғы мұзға таймастай.
Осы сөзімді еске алсын
Бағаналы Борбасбай.
Сонда Борбасбай бір атты бес жақсыға теңейді. Сұрауы жетсе, бермейтін нәрсе болмайды екен ғой деп жорғасын беріпті.
Осы сөзді орындап келген Досболға хан айтады: Сендей де шешен бола ма екен. Сонда Досбол айтады: Ерден ер аспақ бар, елден ел аспақ бар. Осы ауылда менен артық бір жас бар депті. Ол өзінің ағасы екен. Сөзге шешен кедей кісі болса керек. Хан екеуі сол жігіттің үйіне келеді. Жігіт үйден шығып:
Ассалаумағаләйкум, жақсы менен жайсаңдар
Кедейшілік шіркін-ай, адамның өзін басқарар.
Далаға шықсам батырмын,
Үйде отырсам қатынмын.
Қаты ауру, бала жас
Кедейліктің белгісі-тары түйіп жатырмын.
Түссеңіздер міне, лашық
Жүрсеңіздер жол ашық- депті. Сонда Уәлихан далаға алып шығып, жегіп келген екі аттың бірін беріп, шапаныңызды үйге тастап кеттім депті.