Ақын қыз бен арсыз шал

 

Балғабай деген болыс алты қатын алған екен. Солардың бірде бірінен бала көрмепті. Қазаны майлы, төсегі жайлы топас бай жасы алпысты алқымдап қалғанда ат сабылтып, жаушы салып, қалыңдық іздей бастапты. Ел құлағы елу дегендей, жасынан әнші атанған Балкүмістің атағын естіген бай кісі салады. Қыз ауылының маңына ақ үй тіктіріп, ақ дастархан жайғызып тастайды. Ақ дидарын көрсетсін, әсем әнін салып берсін деп кісі жібереді. Құрбы-қыздарын ертіп, табалдырықтан аттай берген Балкүмісті Балғабай қарсы алып тұрып:

Балкүміс іздеп келдім сені алыстан

Қырандай ұясынан қонаға ұшқан.

Жасатам күміс ошақ, алтын кесе

Жар болсаң, жақсылыққа қол алысқан.

Бұл бір ауыз өлеңді серігіне шығартып, жаттап алған екен, аңыратып қоя беріпті. Сонда Балкүміс іле жауап қайырады.

Жайылған дүйім елге атағың бар

Қалтаң тоқ, үстіңде асыл шапаның бар.

Табылар өн бойыңнан бір ғана мін

Аузыңда алты қарыс сақалың бар.

Не керек күміс ошақ алтын кесе,

Тілегін жас жүректің өтемесе.

Айтшы ата он бесіңде қайтер едің,

Кемпірге сексендегі некелесе- деп тоқтайды да үйден шыға жөнеледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *