Ақан сері атындағы Құлагерін мініп, Атбасар жәрмеңесіне барады. Атбасарға жақындағанда бір сараң байдың ауылына түседі. Сол байдың отау үйіне кірсе, бір жас келіншек пен бойжеткен қыз отырады. Аздан кейін бір ауыл адамы келеді. Амандасып, жөн сұрасады. Ақан бұл үйдің келіні қай жерден деп сұрайды. Ауыл кісісі келіні пәлен жердікі, пәлен байдың қызы деп жауап береді. Ақан да :-Бәсе, түрінде тұр-дейді. Мұның қасындағы жігіттері ылғый ығай мен сығай, шетінен әнші, домбырашы,қақпақылдап, іліп алып, әрқайсысы бір-бір жолмен қағыта жөнеледі. Ақан: Бәсе, түрінде тұр.
1-жігіт: Менің ойым екінің бірінде тұр.
2-жігіт: Өзімді ат соғып қалжырап келдім.
3-жігіт: Есіл дертім шаңырақтың сүрінде тұр.
4-жігіт: Әрбір істің лайықты жүйесі бар.
5-жігіт: Шөгетін бақырауық түйесі бар.
6-жігіт: Орынсыз боз інгенге соқтықпашы.
7-жігіт: Жаман жақсы болса да иесі бар.
8-жігіт: Одан да арғысын қайтар.
9-жігіт: Арғысы тағынған қарғысын қайтар.
10-жігіт. Шынжырдан босатып әкете алсаң, өле-өлгенше алғысын айтар.
Бұл өлеңге жауап бере алмаған қыз бен келіншек сытылып шығып, үлкен үйге келіп, болған оқиғаны айтады. Бай шай қайнаттырып, қонақтарды өз үйіне алдырады. Шайға құрт, ірімшік, май салады. Майда қылшық, қыл-қыбыр болады. Шай ішіп отырып, тағы да сал-серілер өлеңдете жөнеледі.
Ақан . Бұлтты күні тумайтын ай антұрған.
1 жігіт. Аттай мініс бірмейтін тай антұрған.
2 жігіт. Сықпа құрттан ірімшік кімге дәрі.
3 жігіт. Кәмпиті мен қанты жоқ шай антұрған.
4 жігіт. Көктемде өткел бермес сай антұрған.
5 жігіт. Сақалы мен мұрты бар май антұрған.
6 жігіт. Мың жылқыға бір жұт келсе қырылмай ма?
7 жігіт. Қонақасы бермейтін бай антұрған.
8 жігіт. Мал суарған томардан алып келіп
9 жігіт. Қара суды қайнатқан қай антұрған.
10 жігіт. Қой алыста, қонақтар келіп қалды
Қазір сүрін асады даяр тұрған.
Қарауылдың бозбалалары бұл өлеңді ертең жәрмеңкеде айтып, масқарамды шығарады деп қорыққан сараң бай қонақтарына қой орнына құлын сойып береді.
«Жұлдыз» 24.11. 1965ж.