Айт деген мейрам бар-ау үш күн бойы,
Ораза біткеннен соң соның тойы.
Отыз күн оразаны құрметтеп бақ,
Әркімнің ғибадаттан болса ойы.
Үлкен айт Құрбан айт деп аталады,
Бұл айтта құрбан шалып бата алады.
Құрбанның қасиеті үлкен екен,
Махшарда пырақ ат болып саналады.
Құрбаның диниеге жиған мүлкің,
Мейманды риза қылу әдет ғұрпың.
Ізіңмен көрсетіп бақ ниетіңді,
Дүниемен қоштасарсың сенде бір күн.
Құрбаның о дүниеде пырақ дейді
Садақаң қабырыңа шырақ дейді.
Егерде бірін бермей, сараң болсаң,
Қабырда әнкүр-мәңкүр сұрақ дейді.
Қол қайыр нашарларға беру керек,
Сөзіне шариғаттың сену керек.
Хадисін пайғамдардың аттап өтпей,
Жолына ғибадаттың көну керек.
Көп парыз дастарханмен өтеледі,
Адал еңбек маңдай тер жетер еді.
Кең пейіл садақаны сауда берсең,
Дүниеден күнәсіз болып өтер еді.
Жел сөзбен парызыңыз өтелмейді,
Құрғақ сөзді шариғат көтермейді.
Болмаса мейірім рақым шапағатың,
Құр көрініс көз бояу болып кетер еді.
Әркім жүр өз ойының өрісінде,
Біреуден біреу асу негізінде.
Алламыз осылай қылып жаратқан соң,
Біз енді осы арасын білеміз бе.
Біреуге бақ, біреуге дәулет берген,
Біреу надан, біреу гәріп нәубет берген.
Әрқайсын өз жолымен сынға салып,
Бір күні тосын оған ажал келген.
Секен шешен