Мәжілісте келелі мәселе сөз болғалы тұрған соң, Бұқар жырауды Абылай әдейі шақырған. Бұқар кіріп келгенде, Абылай өзі түрегеліп, оң жағынан орын берді… – Түнде түс көрдім. Табытта жатыр екенмін. Басыма ілінген үш жүздің жалауын үш тобыр жұрт жұлып әкеткелі тұр. Табытымның бір бүйірінде арыстан, екінші бүйірінде айдаһар отыр. Аяқ жағымда бір топ үрім-бұтағын. Уәлиден тараған бір ұрпағым маған құран оқып жатыр. Қасымнан өрбіген бір тентегім қолына қанжарын ұстап, мені қорғап тұр. Ал мен өліп жатсам да, екі бүйірімде отырған арыстан мен айдаһарға кезек қарап, мыналардан қалай құтыламын деп жанталасудамын. Осы түсімді жорып берші, Бұқар аға? Бұқар тұнжырап біраз отырды. Үй іші де тына қалды. Әлден уақытта барып жырау: — Түс жору – түлкі аулаумен тең, кейде ізіне дәл түсесің, кейде шет кетесің, сөйтсе де жорып көрейін… – Сөйлеңіз, көмекей әулие… – Қырыққа келмей табытта жатсаң – өмірің ұзақ болады екен. Басыңа жалау тігіліп, оған үш бірдей топ таласып жатса, үш жүзге хан болады екенсің. Бірақ хан атына ие болсаң да, халқыңа ие бола алмайды екенсің. Сен өлген күні үшеуі үш жаққа ыдырап кетеді екен. Табытта жатып, екі бүйіріңдегі арыстан мен айдаһардан қалай қашып құтыламын деп қорықсаң, өле-өлгенше еліңнің екі бүйірінде тұрған екі мемлекетке жалтақтаумен өтеді екенсің… Ал аяқ жағында тұрған үрім-бұтағыңның ішінен бірі Құран оқып, бірі қанжар қайраса, Уәлидің ұрпағынан шыққан бір тұқымың атын қағазда, ал Қасымнан туған бір балаң атағын майданда қалдырады екен. Абылай үндемеді. – Үндемей қалдың ғой, сұлтаным. Шешуім ұнамады ма? – Бір ұрпағым атын қағазда, екінші ұрпағым атағын майданда қалдырады екен. Сонда мен өзім қайда қаламын?.. – Басыңа үш жалау босқа тігілді ме? Ісіңді ел ұнатса, үш жүздің жүрегінде қаласың!
Абылайдың қабағы жадырап сала береді.