Хандық ғұмырының алғашқы күнінде Абылай түс көреді. Бұқар жыраудан түсін жоруын сұрайды…
«Астымда қылқұйрық жүйрігім бар екен. Сарыарқаның сайын даласында серуендеп жүрмін», – дейді хан. – Азуы кереқарыс дәу арыстан батыс беткейді бетке алып тұра қашты. Астымдағы жануарды қос төсінен екпіндетіп, тепсіне сала, сауырына қамшы бастым. Тұяқты жануар дес берсін бе, қуып жетіп, көп арпалыспай арыстанның ішін қанжарыммен орып жібердім. Міне, қызық! Арыстанның ішінен бір жолбарыс атқып шықты да, ол да қаша жөнелді. Тұра қудым. Жете беріп, аш бүйірге қолымдағы қанжарды тағы салдым. Ақтарыла кеткен қарыннан көкжал қасқыр шықты. Ес жиып үлгергенше, ол да қашты. Ұзаққа апармай, қасқырды да жайратып салдым… Енді қызыл түлкі қашып барады. Түлкіні де қуып жетіп, қарыннан осып жібергенімде, ішінен құрт-құмырсқа, бақа-шаян, жылан-кесіртке ақтарылып қоя берді… Бірақ, бұлар менен сескенбеді, қашпады. Бәрі жабыла быжынап, астымдағы қылқұй-рықтының сауырына, жалына өрмелей түсті. Шошынғанымнан айқайлап жіберіп, оянып кетіппін».
Абылайдың түсін мұқият тыңдаған Бұқар былай жорыған екен: «Қылқұйрыққа мінгенің – хан тағына отырғаның. Ал алдыңнан арыстан қашса, сенен арыстандай айбарлы ұл туады. Одан туған ұл да жолбарыстай қайратты, ержүрек, батыл болмақ. Жолбарыстай тұқымыңнан туған шөберең көкжал қасқырдай азулы, айлалы, күшті болып жаратылады. Ал одан тараған ұрпақ заманына қарай қызыл түлкідей қу, алайда, сужүректеу келеді. Одан кейінгі тұқымың әлгі бақа-шаян, құрт-құмырсқа, жылан-кесірткедей майдалана түспек…»