Өмірден мысал көрініс, ақыл-оймен өріңіз

 

 

Қадірі асыл сөздің кеткен заман,

Еске алып айтылмайды өткен заман.

Мәжілісте құнарсыз сөз, арзан күлкі,

Бездірген асылынан неткен заман.

 

Мәз болып қалжың сөзге күлгеніне,

Ақсақал қатарыңда жүргеніне.

Айтатын кейінгіге өткені жоқ,

Осы да қарияның білгені ме.

 

Өзі айтып, өзі күліп мәз болады,

Дария солса шалшыққа қаз қонады.

Алды базар дуалы қарттар қайда,

Қилы заман келгенде аз болады.

 

Ақсақал болса, шіркін, қариямыз,

Құнарлы, асыл сөзді дариямыз.

Өткенді бүгінгілер білер еді-ау,

Ізгілі тәрбиелі жанұяңыз.

 

Адамға ендігі өнер алдау-арбау,

Байлыққа жол ашылды, кісі жалдау.

Қиянатта момынға қайта келді,

Маңдайда қырсығы бар кедей сорлы-ау.

 

Бәсекелік халыққа гүлін шашқан,

Қолы жеткен адамның мерейі асқан.

Жетпейтінге жетем деп армандайды,

Бәсекелік кедейдің артын ашқан.

 

Кедей де арық атын қамшылап жүр,

Жан сақтап өзін-өзі жалшылап жүр.

Не дін де, не ғылым да хабары жоқ,

Арқадан қара тері тамшылап жүр.

 

Молла да шариғатын бұрмалаған,

Нәпсінің ыңғайына шырғалаған.

Періште алтын көрсе жолдан таяр,

Құлағын бәйбішесінің сырғалаған.

 

Сыбайлас жемқор дейді төрелерді,

Ел сенген дәрежелі кемелері.

Енді кімнен күтеміз адалдықты,

Нәпсінің құлы болған немелерді.

 

Өтірік өрге басып дәуірлеп тұр,

Ұрпақтар орысшасын тәуірлеп тұр.

Телевизор, интернет, түнгі клуб,

Тәрбие бұған ауып қауіп кеп тұр.

 

Өткен күн қаласың-ау сағым болып,

Жазбадан қарайықшы сөзін шолып.

Даналар болашақты қалай білген,

Алланың аянынан түсін жорып.

 

«Ақыр заман болғанда су тартылар,

Қарап тұрған жігітке қыз артылар».

Майқы би осы сөзді айтқан екен,

Бұл заманды байқасаң сол салты бар.

 

Ескі дәстүр азайып, тозған заман,

Жаңа кірме жол тауып озған заман.

Тілімізге құрт түсіп шұбарланды,

Бәсекелік тәуірлеп озған заман.

 

Кітап оқып бетіне қарамайды,

Рухани байлығым деп санамайды.

Талғамдар телеарнаға ауып кеткен,

Ашық бейне көруге жағалайды.

 

Болғанда заман жаңа – заң да жаңа,

Болсыншы дінің менен тілің таза.

Не пайда құрғақ сөзбен күпілдеген,

Дәстүрін ата-тектің сақтамаса.

 

Өмірде көріністен жазған хатым,

Мынау деп атағам жоқ достың атын.

Заманның ағымына жабамыз ба,

Лайықсыз көріністің жаман атын.

 

Тамақ тоқ, көйлек те көк заманымыз,

Бейбітті ашық аспан заманымыз.

Қалың қалай достым деп қал сұрасаң,

Қалтырап сөз сөйлейді адамымыз.

 

Білгенді айтпайтын біз баламыз ба,

Қатардан кәріліктің қаламыз ба.

Көрінген көріністерді мағлұм етпей,

Құр қалып жер астына саламыз ба.

 

Мейірім, рақым, шапағат, қайыр ғылып,

Нашарға қол ұшыңды дайын қылып.

Денім сау, өзім болдым, толдым деме,

Сауап жи о дүниеңе дайын қылып.

 

Мұхаммед соңғы өткен Пайғамбарым,

Дүниеге Исламды жайған ғалым.

Ғибадат адалдық пен арды сақта,

Тәубе келтір қанағатқа илан жаным.

14.01.2007 жыл

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *