Ғибадат

 

Ақыл сөзім жастарға,

Миы толық бастарға.

Көкірегінде көзі бар,

Ғибрат сөзді тастар ма.

 

Алланың ойлап бергені,

Шариғат сөзге сенгенің.

Ғаділдік жолға ергенің,

Дін исламға енгенің.

 

Дені сау болса адамның,

Дүниенің екен байлығы.

Қанағат етсе жетеді,

Алатын оның айлығы.

 

Ұқыптап ұста барыңды,

Азын аулақ малыңды.

Жамылғы жылып біреуден,

Кетірме біреуден арыңды.

 

Еңбек етсең ерінбе,

Қуатың бар кезінде.

Ақыл қылып айтқан сөз,

Түсінерсің өзің де.

 

Еңбекке төксең теріңді,

Сүйсіндірер еліңді.

Жемісін төзің көрерсің,

Қартайғанда сенімді.

 

Қанағатшыл болсаң сен,

Харамдыққа баспассың.

Кем кетікке қарайлас,

Шариғат сөзі сол бір шын.

 

Тәубә келтір әрдайым,

Ғибадатың күн сайын.

Түзу келіп, түзу кет,

Аздырма деп құдайым.

 

Ақылды адам малданар,

Ақылсыз адам жол табар.

Аяғыңды байқап бас,

Өмірдің жолы көп сонар.

Қартайса ата –аналар

Еңбегін олардың ақтаңдар.

Риза қылып оларды,

Қазақтың ғұрпын сақтаңдар.

 

Күншіл болма бақталас,

Дүние қума жанталас.

Қайырсыз болып жүрмесін,

Тәкәппарлық ол бір қас.

 

Біреуге деп ор қазба,

Дұшпанымен оның қолдаспа.

Азғырған арам тілге ерме,

Адалдыққа жол баста.

 

Ғайбат сөйлеп жазықсыз

Күнәсін оның көтерме.

Артын ойла кім білсін,

Қайғысы ауып кетерме.

 

Ағайынға ғадыл бол,

Ақылдыда сабыр бол.

Нашарға салсаң көз қырын,

Шариғат айтқан қара жол.

 

Дәулетті болсаң тасыма,

Кемдік көрсең жасыма.

Не келіп не кетпейді

Адамзаттың басына.

 

Не нәрсені көп қума,

Жетемін оны деп қума.

Зауалы бар артында,

Надандықпен көз жұмба.

 

Дүние деген қу түлкі,

Өмір деген жылжулы.

Екеуі де баянсыз,

Жастықта мұны кім білді.

 

Адал доспен санаспа,

Сенімді жолдан адаспа.

Қиянатқа жанаспа,

Қыли көзбен қараспа.

 

Тар жол тайғақ кешінде,

Қол үшін бер досыңа.

Басынан бағы қайтты деп,

Шегініп одан шошыма.

 

Жақсы болса қосағың,

Отбасында ошағың.

Кем кетігін білдірмес,

Тірлікте көрген ұрпағың.

 

Ақылсыз болса қосағың,

Шәйпау мінез қосатын.

Барын жоқ қып ұқсатпай,

Көретін күнде дозағың.

 

Біреуден біреу озатын,

Уақыт жетсе озатын.

Не көрсеңде бағыңнан,

Тәңірім солай қосатын.

 

Зұлымдық жолға бастама,

Шариғат сөзін аттама.

Адал жанды даттама,

Залым қуды ақтама.

 

Тазартып бақ ішіңді,

Біреуге кек сақтама.

Мұқатам деп біреудің,

Аруағын оның боқтама.

 

Сүрқия сөзде жалған бар,

Байлық қуып армандар.

Әр кімнің жесе қақысын,

Тәңірім оны талқандар.

 

Біреудің мүлкін алмаңдар,

Көзіне шөп салмаңдар.

Аз нәрсеге қызығып,

Күнәлі болып қалмаңдар.

 

Біріңді-бірің алдама,

Арамдық жолға жалдама.

Күнәсіз жанды қарғама,

Болады сонда ар таза.

 

Арақ деген ібіліс,

Бойыңды билеп үйретер.

Жамандыққа сүйретер,

Ақырында күйретер.

 

Нәпсі деген жауың бар,

Оған ерме есіңе ал.

Оған ерсең аздырар,

Артында оның зауал бар.

 

Сақтансаң  құдай сақтайды,

Адал жанды ақтайды.

Пейілі таза адамды,

Маңдайынан қақпайды.

 

Сөзімнің болсын аяғы,

Ақыл сөз ғой баяғы.

Ұрпақтарға айтқан сөз,

Есіне алса баяғы.

 

Секен шешен

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *