Тұрсынжан Шапай 1957 жылы туған. 1979 жылы Абай атындағы ҚазПИ-дің тіл-әдебиет факультетін бітірген. 1979–1984 ж.ж. Алматы облысы, Нарынқол ауданы О.Жандосов атындағы орта мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, 1984–1985 ж.ж. Қазақ теледидары әдеби-драмалық хабарлар редакциясында, 1985–1986 ж.ж. «Жазушы» баспасында редактор, 1986–1988 ж.ж. «Жұлдыз» журналында әдеби қызметкер, 1988–1990 ж.ж. сын бөлімінің меңгерушісі, 1990–1998 ж.ж. ҚР ҰҒА-ның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми, аға ғылыми қызметкер, 1999 жылы Абайтану бөлімінің меңгерушісі болды. 2001–2006 ж.ж. «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясында бас редактор қызметін атқарған.
1994 жылы «Қазақ поэзиясындағы лирикалық тұлға проблемасы (1980 жылдар)» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Ғылыми-зерттеу еңбектері қазіргі қазақ лирикасы, лирикалық тұлға және Абайтану мәселелеріне арналған. Жүзден астам ғылыми, әдеби және публицистикалық мақалалар авторы. Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері (1990 ж.). «Шын жүрек – бір жүрек» кітабы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алды (2001 ж.). Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Шығармалары: «Ой түбінде жатқан сөз. Әдеби сын мақалалар» (1998 ж.); «Шын жүрек – бір жүрек. Әдеби сын, зерттеу, эсселер». (1999 ж.); «Қазақтың жаны. Публицистикалық толғаулар мен әңгімелер» (2001 ж.).