Көрінер бәрі жақсы тақырыпқа,
Өтерсің махаббатты сағынып та.
Бағыңыз баянды боп ашылмаса,
Әркімге мұң айтасыз шағынып та.
Көрінер алғашқыда бәрі жақсы,
Жігіттің құлай сүйген жары жақсы.
Қыз да сүйді жігітті жүрегімен,
Өмірін осылардың байқап бақшы.
Өткізсе жақсы өмірді бір ғанибет,
Ұрпағы өсіп-өнсе өрке ниет.
Ұл-қызға ата-ененің көңілі толса,
Жұмағы бұл дүниенің ол қасиет.
Дерті бар махаббаттың от боп жанған,
Қолына кондырғанша болған арман.
Махаббат ақылға да жол бермейді,
Үлгісін көрсетіп тұр мына жалған.
Ақылды нәпсі жеңген заманы ма,
Жел көңіл адамның ең наданы ма?
Махаббат ұшпалы болып бара жатыр,
Кінәні аударады ол заманына.
Көрінер алғашқыда дос та жақсы,
Қызықтап қатар тіккен қос та жақсы.
Артынан осы екі дос суысады,
Оқушым осыларға кінә тапшы.
Екі дос бірін-бірі ұтам дейді,
Дүние қымбат, ақылдан жұтаң дейді.
Мұндай жандар бір жерге қона алмайды,
Өмірден мысал қалған ұран дейді.
Адамға ақыл -дария, мінез — қайық,
Сабырлы, салмақтыға Еділ-Жайық.
Тәңірім денсаулықты қоса берші,
Өмірдің жұмағы де сізге лайық.
Екі жар бірін-бірі ұға алмайды,
Ұғыса алмай жақсы өмір құра алмайды.
Шыдамдық пен сабырлық табылмаса,
Шыңына махаббаттың шыға алмайды.
Бәрі жақсы көрінер алғашқыда,
Екі жүрек бірдей боп, сөзін ұқса.
Баянды махаббат та болар еді,
Түтіні шаңырақтың түзу ұшса.
Екі жар бірін-бірі сыйлап бітсе,
Кірлетпей махаббатты біліп өтсе
Жұмағындай жәннаттың болар еді,
Бұл өмірді қызықтап күліп өтсе.
Көрінер алғашқыда бәрі жақсы,
Көңіл — жүйрік, ой -толқын, ақыл – тапшы.
Көңіл көзге ерікті бере бермей,
Ақылыңа ақыл қос, байқап бақшы.
Ой, шіркін, көңілменен өрістеген,
Таза ақыл-ой көңілге келіспеген.
Артынан тағдырласты байқап көрші,
Япырмай, осы сөзім тегін бе екен?
Бірінің бірі кетті-ау бағын байлап,
Өткізбей жақсы өмірді күліп ойнап.
Шаңырақтың сәнін де кетіріп жүр,
Мұны неге білмейді терең ойлап.
Арақ, шіркін, адамды аздырып жүр,
Ібіліске еріп көңілін мәз қылып жүр.
Шырқын бұзып, отбасын тоз-тоз қылып
Талайларға қасірет тартқызып жүр.
Әр түрлі өмір жолы кездеседі,
Боларын солай жүрек сезбес еді.
Өмірдің әрбір түрлі тағдыры бар,
Мұң қайғы сол өмірден кездеседі.
Секен шешен