Дүниеге келген кетеді,
Әрбір сыннан өтеді.
Зерделі көкірек терең ой,
Із қалтырып кетеді.
Біреуден қалып нақыл сөз,
Біреуден қалып ақыл сөз.
Керегін әркім қолданар,
Көкрегінде болса көз.
Ағымын айтып заманның,
Пиғылын айтып адамның.
Шығарып кетер жарыққа,
Кем кетігін ғаламның.
Мәңгілік өмір жоқтығын,
Ғибадат тәубә тоқтығын.
Мейірім, рақым, шапағат,
Көп сауап бар деп ұғын.
Ой ойласаң абайлап,
Біреуді байқап қарайлап.
Пішіні бірдей іші өзге,
Жаратқан тәңірім сарайлап.
Аз ғана өмір серуен,
Ауысып тұрар керуен.
Туған адам өлмек бар,
Иманың ғана сенімен.
Адамның ойы жетегі,
Көңілі жайлау төсегі.
Алтыннан қорған салса да,
Тоқтатпас тағдыр кезегі.
Біреулер шалқып өтеді,
Біреулер балқып өтеді.
Біреулер қалқып өтеді,
Осылай ризық етеді.
Біреулер кем болып бағынан,
Біреулер кем болып тағынан.
Лаухил махпуз тақтада,
Алланың ісі ағынан.
Осылай заман елейді,
Бай мен кедей демейді.
Патша батыр болса да,
Қара жер бәрін теңейді.
Секен шешен