Халықтың аңыз қылған Ақ апасын,
Алғыс сөз қасиетті көңіл назын.
Болған соң дертке дауа, жанға шипа,
Қалайша атамасын Хауа анасын.
Алғысты біз айтамыз сөзбен теріп,
Науқастар риза болған көзбен көріп,
Барған жан шын көңілмен сеніп баршы.
Дертіңе шипа болар, емі қонып.
Бір емші Керекудің жеріндегі,
Бір елші Қожақелді еліндегі.
Екеуін халық сыйлап, аңыз айтқан,
Дуалы көптің сөзі тегін бе еді.
Алғысқа Ақ апамыз бөленіңіз,
Ұрпағың өсіп-өніп кенеліңіз.
Тәңірден не тілесең қабыл болып,
Көңілге жайлау болсын дегеніңіз.
Халықтың кұрметіне бөлене бер,
Өмірді ұзақ жасап, қызықгы көр.
Қартайсаң ұрпағыңның саясында,
Өсірген өз бақшаңның жемісін көр.
Жарыңыз құдай қосқан аман болсын,
Ұрпағың өсіп-өніп соңыңа ерсін.
Ақтілек, баталы сөз біз айтамыз,
Құт келіп, шаңырағың Қыдыр қонсын.
Барған жан Ақ апаға риза болған,
Дертінің дауасына шипа болған.
Айтады-ау қасиетін сөзбен теріп,
Алланың нұры жауып бақыт қонған.
Тілеймін Ақ апаға ұзақ ғұмыр,
Ұрпағың өсіп-өнсін шырақ өмір.
Халықтың алғысына бөленсін деп,
Айтатын ел ішінен біздің көңіл.
Ақ апа аяулы жар қосағына,
Қазаны ортаймасын ошағында.
Барған риза болған емі қонып,
Алғыстың бөленіңіз кұшағына.
Қожакелді еліне бақыт келді,
Ғибадатқа бас иер уақыт келді.
Сыйлайды Ақ апасын ауылдасы,
Барған жан көзі көріп, көңілі сенді.
Науқастың тауып дауасын,
Халықтың сыйлы апасын.
Баталы сөзбен сыйлайық.
Алланың берген Хауасын.
Елдің көркі жақсымен
Алланың берген бақытымен.
Әркімде жұлдыз әр басқа,
Тәңірдің ісі көңіл сен.
Біреулер айтып бақсы деп,
Емдеген емі жақсы деп.
Тастамайды аузынан,
Баталы сөзін ақысы деп.
Өмір деген күрестің,
Әркімдер алған үлесін,
Соның бірі шипагер,
Емші деп оны білесің.
Жабай елдің сарасын,
Тәңірдің берген данасын,
Халық сыйлап ат қойған,
Ақ апа десең нанасын.
Апаға барған науқас көп,
Қайғы мен інкәр үміт көп.
Дертіне шипа болғандар,
Айтып жатқан алғыс көп.
Сазды сәлем халыққа,
Інкәрлік көңіл қамықпа,
Шипа болсын дертіңе,
Осы сөзім анық па?
Бір Тәңірдің панасы,
Он сегіз мың ғаламға.
Ақтан тілек тілеңіз,
Бас пен малың аманда.
Аман болсын халқымыз,
Адалдық жолмен жалпымыз.
Мейірім, рақым бар болса
Мұсылмандық салтымыз.
Аман болсын ауылың,
Ағайын, туған-бауырың,
Отанға тілек әрқашан,
Бірлікге болсын қауымын.
Ақ апа болсын емшіміз,
Денсаулық болсын еншіміз.
Масалының жерінен
Алғыс айтқан кеншіміз.
Секен шешен