Дәптердегі сөздерге мазмұндама


Естелік деп дәптерді,
Ойлы сөзбен септелді.
Оқушы сынға сала ма,
Мысал сөзбен шектелді.

Ағайынды айттым шамалап,
Кейбіреуін саралап.
Орташа оймен бағалап,
Кеткенім жоқ қаралап.

Жақсысын жардан шығарып,
Өз ойымнан құп алып.
О дүниеге барғанда,
Қалмайын деп қызарып.

Аты шыққан шешенін,
Ел басқарған көсемін.
Жақсының аты өлмес деп,
Түсірмедім беделін.

Кәрілікті айтып ауыр деп,
Жастық дәуір тәуір деп.
Ағайын сыйлас болып тұрса,
Бір-біріне бауыр деп.

Жалған сөзді қоспадым,
Өз ойымды қозғадым.
Кем–кетігі бар шығар,
Кәрілік келсе тозғаның.

Молланы айтып ғаділін,
Дін исламға жақынын,
Шариғат жолын бұзбаған,
Жұмақтан бол деп нәсібің.

Шежіре жаздым шамалап,
Өз ойымнан жобалап.
Бағасын берер оқушы,
Айта қоймас табалап.

Аңыз сөз жаздым жұқалап,
Әркімнен сұрап сағалап.
Сөз маржанын тастамай,
Көңілім оны қалап.

Заманның жазып белесін,
Бас-аяқ бірдей демесін.
Балық бастан шіриді,
Ойлап көрші елесін.

Панасыз қартты ойладым,
Тәңірге қарсы қоймадым.
Бас аман тәубә қылсын деп,
Шариғат сөзін жоймадым.

Қарттарды жаздым саралап,
Кейбіреуін аралап.
Кейбіреуін даналап,
Өз ойымды бағалап.

Кәрі құлақ қария,
Зиялы жандар елге ортақ.
Қуыс кеуде жем сауыт,
Ішіп жейтін жемге ортақ.

Ауылдың қарты жиылса,
Аузын буған өгіз көп.
Сайқы мазақ сөйлейтін,
Сылдыраған егіз көп.

Алдарына дәм келсе,
Тойғаннан соң айтады.
Бір-біріне жеңіз деп,
Қарттардың бұл өнері.

Қарт ойнайды шебері,
Ғибадат жоқ көбінде.
Арақ, насыбай, шылым қалмай тұр,
О дүниесінің не дері.

Жастарды айттым шамалап,
Жақсыларын бағалап.
Кем кетігі болса да,
Кеткенім жоқ табалап.

Жігіттің мақтап сұлтанын,
Кәріге құрмет қылғанын.
Серіге сәйкес келіссе,
Айта бер оны деп ханым.

Аруды мақтап ардақта,
Ойлы сөзбен салмақтап.
Ақ жаулықты ана бол,
Ұрпаққа үлгің сақталмақ.

Қыздардың айтып сұлуын,
Бозбала көңілін бұруын.
Мінезі сәйкес келмесе,
Жігітке болмас жылуы.

Жаздым мысал нұсқасын,
Ұзын сөздің қысқасын.
Баянды болып тұрмайды,
Дүниенің тұтқасы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *