Беташар сәлем беру мұражайға,
Ақсудың ескерткіші осы жайда.
Ел мен жер тарихын қалдыруды,
Біздерден кейінгі ұрпақ сұрамай ма.
Картадан ел мен жерді қараңыздар,
Тау мен тас, өзен-көлді даламыз бар.
Қызыл ағаш айналған ақ қайыңға,
Ну тоғай, қалың орман даламыз бар.
Белгілі ел басқарған адамдары,
Әр дәуір өзі әкелген замандары.
Кейінгі ұрпақтарға із қалдырған,
Біздерге үлгі болған мамандары.
Жазылған ел тарихын оқыңыздар,
Көңілге тиянақтап тоқыңыздар.
Кейбірін түсінбесең сұрақ қойшы,
Түсінік береді ғой тарихшылар.
Масалы ескі аты ғой, алтын бесік,
Сталин атын алған тұсау кесіп.
Әр дәуірдің өзгерген заманасы,
Өзеннің атын берген Ақсу десіп.
Бай да өткен, батыр да өткен Ақсуымда,
Заманы Пайхамбардың ақ туында.
Аттарын даналардың атап жаздым,
Болсын деп ұрпақтардың шаттығында.
Би-болыс, қажы, молла, хазіреттер,
Халыққа үлгі болған ақ ниеттер.
Сіздерді үлгі тұтып, арнап жаздым,
Ұғыңдар кейінгі ұрпақ өсиеттер.
Ақсуда ақын да өткен, күйші де өткен,
Жез таңдай әншілер мен жыршы да өткен.
Солармен ел тарихын білейікші,
Қалдырған асыл мұра бізге жеткен.
Мұражай ашылған күн көрмесіне,
Ақынның жыр оралар термесіне.
Мәдениет ошағын жаңғыртады,
Халқымыз тамашалап төрлесінде.
Мұражай Ақсуымның сыр сандығы,
Тарихын оқысаңдар жыр сандығы.
Ежелден кеншілерге қоныс болған,
Қазіргі «Қазақалтын» туғандысы.
Мен бардым мұражайды көрейін деп,
Ұл-қызға көз көрген соң сенейін деп.
Ашуға мұражайды еңбек еткен,
Батамды ескерткішке берейін деп.
Есігі мұражайдың ашық болсын,
Көруге көрермендер асық болсын.
Көркейткен мұражайды азаматшалар,
Сіздерге шуақты өмір, бақыт қонсын.
Әлеумет мұражайға келіңіздер,
Ескерткіш өткендерден көріңіздер.
Ескіден қалған мұра жазба болса,
Тапсырып мұражайға беріңіздер.
Адамға ойлап тұрсаң өмір мектеп,
Тарихы құралады сөзбен септеп.
Кейінгі ұрпағымыз біліп жүрсін,
Жаңғырып келе жатыр олар көктеп.
Мысалы Ақсуымыз алтын орда,
Кеншілер қоныс еткен еңбек жолда.
Атаймыз қазіргі атын «Қазақалтын»,
Байлығы қазағымның болсын қолда.
Мектептің директоры Минуара,
Басқарған осы жайды ақыл дара.
Әрмия Райханға жол көрсеткен,
Тер төккен бұларды біз дейміз дана.
Құжаттап тарихтарын баяндайды,
Әр дәуір өзі әкелген заманы жайлы.
Ұстаздар шәкірттерге ескертпесе,
Мәңгілік ұйқыдағы оянбайды.
Аяғы түсініктің баталы сөз,
Өткенмен қазіргіні көреді көз.
Шәкірттер ел тарихын біліп жүрсін,
Ұрпақтар жалғасатын келеді кез.
Секен шешен