Ақтөбеде Шалқар деген ел жатыр,
Біздің елде туып-өскен ер батыр.
«Еңкейме деп дұшпаныңның алдында»
Қарттарымыз бала күннен берді ақыл.
Ер Тілеудің жүрегінің оты бар,
Ел қорғаған Дәрібай мен Көтібар.
Ер Есеттің батырлығы бір басқа,
Қас жауына жебе болып атылар.
Дана десең дана да бар Шалқарда,
Иманды елге не бермесін мәрт Алла!
Мөңке бидің нақылынан нәр алып,
Қазанғаптың күйін тыңда әр таңда.
Асан Ишан иманы бар, ары бар,
Тағыберген қамшыгерім тағы бар.
Алты Әлімнің ұранына айналған
Бақтыбайды туған елдің бағы бар.
Сары Батақ ел деп кешті қайғы мұң,
Боранбайдың Саршолағы — айбыным.
Мырзағұл да мырза болыс болыпты,
Халық үшін құрбан еткен байлығын.
Саналы ұрпақ Ідіріспен мақтанар,
Нағымдайын еңбек сүйсең бақ қонар.
Боз кілемде желбіреткен көк туды
Есенгелді есте мәңгі сақталар.
Мекен еткен ауызы бір алты Әлім,
Мен сендермен мақтанамын Шалқарым!
Бізден шыққан әр азамат лайықты,
Мол сеніммен тапсыруға хан тағын.
Дұшпан болсаң қастығыңды кел, ұқтыр,
Досым болсаң әзіл айтып жеңіп тұр.
Қорамдағы жалғыз қойым сойылсын,
Қонақ болсаң есігімді теуіп кір!!!
(Бірақ бізде барлық есік сыртқа қарай ашылады)
Қайнар Алагөзов