Аты-жөнің?
— Алагөзов Қайнармын.
Әкең бар ма?
— Бар еді ғой, жайдарлым.
Қазір қайда?
— Қара жерге тапсырдық.
Қайрылмасын түсінген соң қайғы алдым.
Анаң бар ма?
— Бар, сенерім сол менің.
Алладан не тілемейсің?
— Өлгенін.
Не тілейсің?
— Пенде бар ма мәңгілік,
Көргеніндей қылсын енді көрмегін.
Кім еді атаң?
— Көкен шалдың ұлымын.
Шегірткеден көп Шектінің бірімін.
Бауырларың?
— Отбасында үшеуміз.
Бір ағам бар, мен ортаншы, бір інім.
Үйлендің бе?
— Хас сұлуға үйлендім.
Әйеліңді сүйесің бе?
— Сүйгенмін.
Алғашқыда жүрек дүрсіл қағатын.
Ал, қазір ше?
— Сәл де болса үйрендім.
Қанша адаммен сыйласасың?
— Жетеді.
Достарың кім?
— Аян, Құрал екеуі.
Олар кімдер?
— Сазгер бойдақ біреуі,
Біреуі ақын он жетіден некелі.
Ет жеймісің?
— Қазақпын ғой, шырағым.
Өз ұлтымның ұлы болу ұраным.
Қазақ саған не береді, ұланым?
— Біртүрлі екен сұрағың.
Сен қазаққа не бересің?
— Жанымды.
Арым үшін, мен сөзімде тұрамын.
Қайнар Алагөзов