— Біз көп ретте қарапайым дүниені күрделі қабылдайтынды шығардық, ал бабаларымыздың күрделіні қарапайым қабылдағанын көреміз. Қарапайым ғана сұрақтарым бар еді. Өмір дегеніміз не?
— Өмір дегенде ойға адамның құны, кісінің бағасы орала береді. Қазіргі қоғамда адамның құны кеміп кеткен секілді көрінеді. Әрине, адамның құны оның әлеуметтік статусына түк те қатысы жоқ. «Мен бармын, демек, өмір бар» деп бір ойшылдың айтқаны бар екен. Осы тұрғыдан келейік сауалға. Айналамда қоршаған орта, Иеміздің жаратқан он сегіз мың ғаламы, сонымен бірге айналадағы пікірлес, теріспікірлі адамдар, солардың бәрі өмір деген нәрсенің бейнесін адам санасында сомдайтындай көрінеді. Кей ақындарымыз айтпақшы, өмір дегеніміз адамның есте қалған күндері. Айналаңа нұр төгу, шуақ шашу, адамдарды жақсы көру, өзің үшін, болмаса қоғам үшін игілікті істерді атқару. Мысалы үшін, қыбырлап жүріп бара жатқан құмырсқаның да өз өмірі бар. Оның көзімен бүкіл ғаламға басқаша қарауға болады. Бұл — шексіздік. Төлеген Айбергенов айтады: «Өмір деген мәңгі гүлдеп жататын, Құштарлық пен махаббаттың көктемі. Ешкім оған қоя алмайды нүктені, Өмір деген сөйлем емес өйткені». Өмір деген мен үшін өлең. Өмірім — өлеңім, өлеңім — өмірім менің. — Өлім дегеніміз не? — Құранда «Сен жоқ едің, бар қылдым. Қайтадан жоқ қыламын, жоқтан қайта бар қыламын десем неге сенбейсің?» дейді. Егер адам соған сенетін болса, жер бетінде жаманат атаулы болмас еді. Бұл адам баласына нығмет етіліп берілген нәрсе. Жырда Сансызбай Төлегеннің өлімін естіп, жербауырлап жылап жатқанда Шегенің айтатыны бар: «Өлмесек, сайтан боламыз, рақметтен құр қаламыз…». Өлімнің өзінен өмір іздеген халықтың перзентіміз. Біреулер үшін қорқынышты тақырып болуы мүмкін, мен үшін қызық. Адам оған үнемі дайын болуы керек. «Өлмек үшін туғансың, оны да ойла» дейді Абай. Мені о дүниенің формасы қызықтырады. Әбілһаят суы сылдырлап ағып жатады дейді, түрлі-түсті жемістер мәуелеп тұрады дейді. Бұ дүниенің рақаты о дүниеде басқаша мәнге ие болатындай көрінеді. Баяғыда Шоқан Әлімбаев «данышпандық деген құдай мен адамның арасын бөліп тұрған дуалдан секіріп кету» деген еді. Өлім данышпан ғой. Атам қазақ аруаққа мән берген. Сүйекті арулаған. Бір аңыз естіген ем. Әлемді жаулаушылардың бірі қазақ даласына келген кезде қазақтармен бетпе-бет майдан даласында кездесе алмапты. Көкбөрі секілді бабалар оң қапталдан бір тиіп, сол қапталдан бір тиіп жау қолын титықтатып бітеді. Бетпе-бет соғысу стратегиясына машықтанған олар қазаққа қылар амал таппайды. Сатқынсыз соғыс болмайды. Сатқын жаулаушыға қазақтардың ата-бабаларының бейіттерін қиратса, олардың бетпе-бет келетінін айтады. Жау әскері қорымдарды қирата бастайды. Көтеріліп кеткен бабаларымыз жаумен бетпе-бет келіп, екі арада бір шақырымдай жер қалады. Енді соғыс бастала бергенде қиқулап бір дауыстар шығып, қазақтар бір бағытқа қарай шабады да кетеді. «Бұл не болды?» дегенге «бұларда қоянқашты деген бар, қоянды қуып кеткен болуы керек» дейді бірі. Сонда жаулаушы «Бұл елмен соғысқалы жүрген мен ақымақ екенмін» деп кері қайтыпты. Мұнымен айтпағымыз, қазақта өлгенді қорласа тірі назаланады. Тибет Ламалары жантәсілім еткелі жатқан адамды ұзынынан жатқызып, жанын аяғының ұшынан бастап, алқымына дейін басып-басып отырып шығарып жібереді. Солай ете отырып, өмірдің мәнін, өлімнің хақтығын адамға ұғындырады. Біздегі дем салу секілді. Сонда кеткен адам о дүниенің барына сеніп кетеді. Ең жаман нәрсе — адамның сенімсіз кетуі. Бұл имансыздық болады. Біз ұғына бермейтін ғажайыптар болуы мүмкін өлімде. Өзекті жанның бәрі оңаша қалған кезде осы тақырыпта ойланады ғой. Арманда кету деген бар. Сол қиын. Жалпы, адам өзін таза сақтаса, өкінбестей іс қылса, ақылдың таразысынан, жүректің жүзігінен өткізіліп айтылған сөз, жасалған іс екідүниеде де ақталады. Тірілердің бәрінің күн тәртібінде тұрған мәселе ғой бұл, сондықтан тәспі тартқандай шексіз ой қуалай беруге де болады. Айналып келгенде «Алланың өлшеп тартқан аманатын» өзіне қайтарып беру ғой. Шын таза ықыласпен ойланған кезде, адамның өлетіні, өле алатыны қандай жақсы болған деген де ойлар келеді. Менен көбіне «Сіз қай тақырыпта жазасыз?» деп сұрайды, «Өлім туралы» деймін, «Неге өмір туралы жазбайсыз?» дейді, «Өмір туралы өмірдің өзі-ақ жазып жатыр ғой» деймін. Оның мәніне бойлағың келеді. Жер бетіндегі күллі өнер атаулының түп негізіне қарайтын болсаң, арғы жағында өлімді жеңуге деген талпыныс жатады. Егер адам өлмейтін болса, ешқандай мәселе болмас еді. Осы өлімді сезіну, бір күні өлетінін білу ғана адамға құлшыныс, серпіліс, әлдене жасап кетуге деген ұмтылыс сыйлайды. — Ақын кім? — Келген сөзге еркіндік берсем, ақын — мен! Келесі ойға көшер алдындағы белгі осы болды. Бұрын маған адам баласының барлығы да ақын сияқты болып көрінетін еді. Азабын бізге тарттыру үшін әдейі өлең жазбайтын секілді болатын. «Өмір бойы өлең жазбаған ақын» деген өлеңім бар еді. Мына ұлы даланың Бас ақыны — Абай. Бірінші айтқан біз емес, соңғы айтатын да біз емес. Бірақ осы байтақта Абайдан да ұлы ақындар болған деп ойлаймын кейде. Алайда олар өлең жазбаған. Ақындық деген не нәрсе? Ақындық деген адамдық дейтін өлшемнің бір парасы. Ақындық туралы қазақта екі ақыннан артып айтқан ешкім жоқ. Бірі — Мағжан, екіншісі — Төлеген. Маған гүл де ақын сияқты болып көрінеді, күн де, тау да, тас та ақын сияқты. Оны көре алар көз болса, ести алар құлақ болса… Адамзат тілін қаншалықты меңгерген сайын, табиғат тілін ұмыта бастадық. Гүлдер мен тастардың поэзиясы адам жасаған өнерден анағұрлым ілгерілеп кеткендей. Бүкіл бір ғалымдар өмірін арнаған тақырыптардың сырын он бестегі жас бала бір өлеңіңде айта салуы да мүмкін. Құдайдан берілген қабілет арқасында. Осы қасиет, жалпы, он бес жаста қалыптасып үлгереді. Қалғаны біліммен, өмір сүруді үйренумен, адамдармен араласумен келеді. Қатардағы адамдар сезе алмайтын, түйсіне алмайтын нәрселерді сезе алушы болмыс иесі ақын. Ол оның қасиеті ғана емес, қасіреті де болуы ғажап емес. Алла Тағала мұңсыз, қайғысыз дейміз ғой, егер де Жаратушы кейде өзі жаратқан әлемге қарап қалай күйзелер болса, ақын да адамдарға қарап солайша күйзеледі. Пайғамбарымыз өзінен кейін ақындар келетінін айтқан. Осы тұрғыдан келгенде, ақындардың да жер бетіне белгілі бір миссиямен келетінін көреміз. Белгілі бір идеяларды тарату үшін осы өлең берілген болуы керек. Егер өлеңнің артында миссия мен идея тұрмаса, ақынның болмысы түсінілмес еді. Ойлап қарашы, егер бәрі керісінше болса, адамзаттың эстетикалық сезімдері ақындардың сөздерінен жапа шегер еді ғой. Егер ақын адамзатқа жеткізілуі тиіс аспани ақпараттарды жеткізе алмаса немесе ұмытып кетсе, бүкіләлемдік үйлесім бұзылады. Әлемнің көбелек қанаты дірілінен күйреп кететіні секілді, әуелгі идеяға өзгеріс енгізілсе немесе басқаша айтылса, бір сөз бүкіл әлемде жарылыс тудыруы да ғажап емес. Ақын — адамдардың өзін-өзі тануы. Ақын — мезгілсіздіктің мұңы. Гүлдің мезгілсіз солуы, құстың мезгілсіз ұшуы, сағаттың тоқтап қалу секілді тізбекті нәрсенің бәріне ақын өзін жауапты сезінеді. Соған күйзеледі. Ақындық та адам баласының мінезі мен сезімі. — Өлең дегеніміз ше? — Кие. Ұйқастар ішіндегі ойлар мен сезімдердің жиынтығы ғана емес ол. Тапқырлық пен айтқыштық та емес. Ақын өлең жазғанда сөзге, ұғымға, таңбаға, тіпті үтір мен нүктенің өзіне кие сіңдіруі керек. Адамзат баласы бір уақыттарда айтыла салған киесіз сөздердің кесірін әлі тартып келеді. Өлең- өмірдің баламасы. Бізге мәлім, бәймәлім, жанды, жансыздың қасына сызықша қойып «өлең» деуге болады. Егер соны ақын тани алса, өлең дәрежесіне көтере алса. Бәрі де Жаратушыдан бастау алады, Жаратушымен аяқталады. Өлең туралы айтпау керек, өлеңді жазу керек. — Сүю дегеніміз не? — Есенғали Раушановтың өлеңі есіме түсіп отыр: «Ақ көйлегің етегі бүрмелі еді, Ақ нұрымен аймалап күн келеді. Сүю деген бірге өлу деген сөз ғой, Ғашықтық деп өзгерткен кімдер оны?!». Сүю — шынында да әлдекім немесе әлдене үшін өле алу, өзекті үзіп бере алатындай жанкештілік, белгілі немесе белгісіз бір нәрсеге шексіз берілу. Сезім. Тіпті сезім де емес шығар. Әркімнің танымына байланысты. «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде одан басқа?!» дей ме Абай. Абайға орала беретініміз, ол телескоп секілді, ғарышқа да Абай арқылы қарауға болады, микроскоп секілді көзге көрінбейтін нәрселердің өзіне де Абай арқылы қарауға болады. Кейде, тіпті жалпы сүюді сезіне алмайтын адамның өмір сүруге де хақысы жоқ секілді көрінеді. Жарық дүние сүйіспеншіліктің алып бір мұхиты. Сол шексіз мұхитта шомылып жүрген сияқтымыз. Батып кетуің де оп-оңай. Сүюдің ар жағынан аспандағы жымыңдаған сансыз жұлдыздар көрініп тұрған сияқты болады. Ақыл-ойымыз жеткен жерге дейін. Ғаламның қай нүктеде бітерін білмейміз ғой, егер ғаламның біту нүктесі деген ұғым бар болатын болса, сол нүктеден кері қарай шағылысқан, көзге көрінбейтін сәулелердің қатынасы. Мысалы, жарқанаттар, басқа да сол тектес хайуандардың көзі көрмей, тек ультра дыбыстар арқылы сезетіні секілді, адам түйсігімен, тіпті адам өзі танып болмаған сезімдердің әлемі ол. Алтыншы сезім деген бар ғой. Кейде сол сезімнің ескертуіне көнбей әрекет жасағанда қателікке не қауіпке ұрынып жатамыз. Гүлдің қаттылығын, тастың жұмсақтығын, қараңғының жарықтан да жарық екенін түйсіну, бәрін пәк қалпында қабылдау, сүю. Әр нәрсенің өз атауы бар. Сол атаулардың өзі адамдардың қабылдауы негізінде қалыптасқан. Ал олардың табиғаттағы өз атауы қалай еді? Жаратушы қойған аты қандай еді? Міне, сол ұмытылған атаулардай құпия қалпында қалған сезім. Оның құпиясын ашсақ, адамдар бірін-бірі сүюге мәжбүрлей бастаушы еді. Онсыз да, махаббат элексирі сияқты нәрселерге бас қатырады ғой. Махаббат элексирі — кісінің тазалығы. Тазалықтың нұры болады. Кейде адамдардан қара энергия шығып тұрады. Ол ештеңе жасамаса да біртүрлі ішің ұнатпайтын кездер болады. Бір адамдардан ақ нұр еседі. Сені елемесе де сен оны іштей ұнатып тұрасың. Ғажап қой сүю деген. Жек көре отырып та сүюге болады. Ол адамдықтың биік қасиеті. Бейнелеу өнерінде натюрморт деген жанр бар. Белгілі бір нәрселердің жиынтығы. Сол мата, алма, құмыра бір-біріне сәуле шашып тұрады, сол сәулелер үйлескен кезде бояу бере алмас бір реңк пайда болады. Сол — сүю. Адамдардың сәулелері бір-біріне шағылысқан кезде барлық сәуле аспанға шағылысып, қайта адамдарға құйылады. Сүю деген сол. Сол сәулелерді сезіне алу. — Жек көру дегеніміз ше? — Адам баласы өзін сақтап қалу үшін оның бойына түрлі сезімдер тұйықталған ғой. Менің жек көруімнің деңгейі басқалардың жек көру деңгейімен сәйкесқпеуі мүмкін. Ақынның жек көруі бір бөлек, сұлудың жек көруі бір бөлек, жендеттің жек көруі бір бөлек, хайуандардың жек көруі бір басқа. Жек көру де сүю секілді, оны тани алмайсыз. Мәселен, бір-біріне қарама-қарсы тұрған мына екі қабырға бірін-бірі жек көріп тұруы мүмкін ғой. Өйткені оң жақтағысы сол жақтағысына күн түсірмей тұруы мүмкін. Тауға төбелер арқылы өрмелеп шығасың. Сол төбелер тауларды жек көретін шығар. Жұмекеннің өлеңі бар еді: «Төбелердің көңілі үшін, ғасырлық, Кейде шыңның асқақтығын жасырдық…». Оларға тіл бітсе, олар өздері айтар еді. Өмірдің кез келген сәті, әр құбылыс, әр сезімі бағалауға, құрметтеуге лайықты. Жек көрудің бастауы жұмақта басталған. Адам мен ібіліс арасындағы сезім осы емес пе?! Оның адамға бас имеуі, сол үшін жазалануы жек көрушілікті туғызды. Жер бетіндегі алғашқы төгілген қан — Абылдың қаны. Біз бәріміз Қабылдың ұрпағымыз, Абылды өксіп жоқтаймыз. Бізде күнә бар. Мыңжылдықтар шая алмаған. Ақындардың бәрі қара пейіл Қабылдан жаратылып, ақ пейіл Абылды жоқтап өмір сүреді. О дүниеге барғанымызда адамзат баласына алғашқы сауалды Абыл қоятындай көрінеді маған. Сол кезде біз сүю мен жеккөрушіліктің арасын түсінетін болуымыз керек. — Мұң дегеніміз не? — Асанәлі Әшімов ағамыз мен туралы жазған пікірінде «Ақын мұңның баласы» деп айтып еді. Басқа елдің менталитеті қалай, бірақ біздің қазақ мұңсыздықты, қамсыздықты жақтырмайды. «Өй, өзі бір мұңсыз, қамсыз адам екен» деп жаратпай отырады ғой. Мұңаю дейтін нәрсенің ар жағында өмірдің өткінші екені, фәнидің жалған екені, адам өмірінің қысқалығы, санамен сарғайып соны түсіну адамның өзін-өзі тану пәлсапасының ең бастауы секілді көрінеді. Ойсыз, мұңсыз адам хайуан деңгейлес. Мұңаю арқылы адам өмірін екшейді, таразылайды, бағамдайды. Күй тыңдағанда, ән тыңдағанда, немесе бір көріністерді көргенде адам мұңға беріледі. Ол адам бойындағы, сонау бір түкпіріндегі бір өкініштерді су бетіне көтергендей, алып шығатындай. Адам мұңайғанда шындыққа жақындайды. Мұңайғанда өзін-өзі таниды. Әлі ешқандай аспапта ойналмаған, ешкім ойнай алмайтын бір әуендер, адамды құс деңгейіне көтеретін, әуелететін самал сияқты, ауадан да жеңіл адамның көңілі болады ғой, соның біз кескіндей алмайтын бейнесі сияқты мұң. Мұңайғанда адам өз шынайы кейпіне қатты ұқсайтындай көрінеді. Мұсылманшылықта біз аттап өте алмайтын қатаң қағидалар бар. Кейде Алланың сүйген құлы ретінде, жаратқан бір пендесі ретінде адамның бір наз айтуға хақысы бардай көрінеді: «Жаратқан, бізді неге сонша мұңды еттің?». Егер жер бетінде бірде-бір тіршілік иесі болмаса, мұңның заттық айғағы жер шарының өзі болар еді. Қолдан келіп жатса, жиі-жиі мұңайып тұруға кеңес беремін. — Сұрақтарды қайта айналдырайық. Маралтай Райымбекұлының өмірі дегеніміз не? — Ол менің жүрегімнен шыққан жырлардың тағдыры. Қазақ дейтін халықтың бір қоғамнан бір қоғамға ауысқан тұсындағы мұңаюдың көрінісі. Басын тауға да, тасқа да соққан тағдыр иесінің көз жасы. Өзгеге де, өзіме де болсын дейтін адамдық қасиеттердің жиынтығы. Жақсылық пен жамандықтың Маралтайдың өзіне ғана тән үлгісі. Тәуелсіз мемлекеттің баянды болуына, қазақ дейтін халықтың ғұмыры ұзақ болуына ниеттес жүректің лүпілі. Біреудің жек көретін, неге жек көретінін білмейтін, біреудің жақсы көретін, неге жақсы көретінін тағы да білмейтін адамы. Шыбын ұшып келсе, «үй деп келді ғой, тиіспеңдер» дейтін көңілдің иесі. Біреулерге тарпаң мінезді болып көрінетін, шын мәнінде жаны Үпіл-Мәліктей жаратылыс. Ол кейде «кім?», кейде «не?» деген сұрақтарға да жауап бере береді. Біреулер үшін өлең жаза алмай қалған ақын, біреулер үшін өмірден өтіп кеткен ақын. Әлдебір жандардың айтары таусылған кездегі ермек қылар сөзі. Осындай анықтауыштарды көтеріп жүрген ақын. Өлім де жат емес, өмір де өгей емес, қобыздың қыл ішегіндегі сарындай боздап жүрген көңіл. — Оның сүюі дегеніміз не? — Адамдардың түйсінуіне тән жүйемен айтар болсақ, өмірімде бір-ақ рет сүйгем. Қызға қатысты. Бесінші сынып оқып жүргенімде бір қызды сүйгем, сол өмір бойы көңілімде қалып қалды. Өлеңді сүйдім. Өлең қай кезде де мен үшін алғашқы орында тұрды. Өзімнен бұрын. Әр талдың түбіндегі көзге көрінер-көрінбес шөптен поэзия іздедім. Жаңа жауып алақанға қонған қар еріп үлгергенше сол аралықтағы поэзияны таныдым. Мұқағалидың зиратының басына барып, құлпытасының ернеуіндегі топырақты «өлең ғой» деп қырып алып жедім. Өте берсін дедім. Ол кезде қытайдың «не жесең, содан тұрасың» деген пәлсапасын естімеген кезім. Алдымды кесіп өткен қара мысықты тағдырым деп баладым, оны да сүйдім. Ешқашан да кейін қарай шегінген жоқпын. Бара жатқан бағытыма көңіл қалауымен бардым. Не істесем де, сүйіп істедім. Сүюді ешкім үйрете алмайды. Әбубәкір Қайран ағамыздың өлеңі бар еді: «Аспан мен сені көрсем деймін, көріп жатып өлсем деймін». Бәрінің артында сүю тұр. Шым-шытырық, кері ағыстардан, жоғары-төменді қозғалыстардан өрілген сүюім бар. Мен сияқты ешкім сүйе алмайды дейді адамдар. Шынында да, мен сияқты ешкім де сүйе алмайды! — Жек көруі ше? — Менің жек көруім — жақын қашықтықта жүгіретін желаяқтар сияқты. Жек көріп үлгермей жатып жақсы көріп кетемін. Жек көре алмаймын біртүрлі. Сырттай айтуым мүмкін, іштей жек көре алмаймын. Жиіркенішті нәрселер көп қой. Мәселен, екіжүзділік пен сатқындық. Екіжүзді және сатып кеткен адамдарды жек көре алмаймын, сол екіжүзділік пен сатқындықтың өзін жек көремін. — Мұңы не? — Менің мұңым жақсы өлең жаза алмағандығым шығар. Мұқағалидың бір өлеңінде «Дариясы тірліктің шайқалмайды, дәрмені жоқ бір пенде жылағаннан» дейтін жол бар. Менің мұңымнан ешнәрсе өзгеріп кетпеуі мүмкін. Бірақ мені де Алла Тағала осы әлемге керек болғандығымнан жаратты ғой. Ешкімді жайдан-жай жарата салмаса керек. Осы тұрғыдан қарасақ, менің мұңымның да өмір сүруге хақысы бар сияқты. Мендегі мұңды мына дүниеде екі бөліп көтеріп келе жатқандаймын. Адам салмақты досына салады ғой. Өлеңім екеуміз бөліп көтеріп келеміз. Бірімізге ғана ауып кетсе… көтере алмас ек. Егер өлең болмағанда… Осы күнге дейін тірі жүргенім үшін өлеңге алғыс айтқан болар едім. Мен көтере алатын мұң маған ғана нәсіп етілген. Оның салмағы менен әлденеше есе ауыр болуы мүмкін. Өз мұңын таныған адам — өзін таныған адам. Менің барлық жырларым, менің мұңдарым мені көтеріп жүр. Менің мұңым — менің өзім. — Әңгімеңізге рақмет. Сұхбаттасқан Ерлан ЖҮНІС