Не қажет қара басыма?
түкiрдiм-дағы түңiлдiм!
бiр қарап шаранасына
дүниеге келген жырымның,
барамын дар ағашына,
осыны бүгiн ұғындым.
Мен дағы асық иiргенмiн,
бала болғанмын икемдi,
айналып тасы диiрменнiң
ұнтады жүрек-жүйкемдi,
таңдырға басым иiлген күн —
iшiмде қасқыр ит өлдi.
Кеудеме қонар шау қарға,
көзiмдi шұқыр отырып,
от ойнап самарқау қанда
тұрармын сонда секiрiп! —
сенбеңдер жанартауларға
сөндiм дегенi — өтiрiк!..
Ұлықбек Есдәулет