Бiр мырза сатып алды хан қаламын…
…Мен қазiр жыр жазбаймын,
жан бағамын,
Музаны тоқалындай жұмсайтұғын
Мандытқыш кей ақынға таңқаламын.
өлiара —
заманы екен өлерменнiң.
Қаздым да жүрегiмдi,
өлең көмдiм,
Жамырап болған болса жарымес қиял,
Қайырып қозы-лақтай көгендермiн.
Сұрайды ел:
«Жазбайсың деп өлең неге?»
Жырлауға ит-тiрлiктi көнер деме.
Қонбай ұш қара жерге,
қайран муза,
Қанатың кiрлеп қалар — төмендеме.
Шайырмын,
Дала — мұңым,
Отан — қайғым,
Шындықтың шөлейтiне сапарлаймын,
Ешқашан өлең жазбай кетсем даңы
Ешкiмге қаламымды сата алмаймын.
Кешсем де күндерiмдi қапалықпен,
өшсем де өз ойыма маталып мен,
Шалшыққа қона көрме,
аққу-муза,
Батпағын жырлай берсiн бақа бiткен.