ӘСЕТ Найманбайұлы

ӘСЕТ Найманбайұлы (1867, қазіргі Шығыс Қазақстан обл. Үржар ауд. Бақты а. — 22.3. 1922, Қытай, Құлжа қ.) — көрнекті ақын, әнші, композитор. Ә-тің туған жері туралы әр түрлі пікір бар. Мақалада беріліп отырған аймақтың бұрынғы ресми атауы: Жетісу обл. Сергиополь округы, 1875 жылдан Лепсі уезі. Ал ақынның атамекені — Қызыларай, Керегетас тауларындағы Ақсай қыстағының маңы (бұрынғы Семей обл. Қарқаралы окр-нің, қазіргі Қарағанды облысыныңжері). Ә. ескіше оқып, сауат ашқан. Ерте жетім қалып, жоқшылықтың зардабын тартқан. Айтысқа түскен ақындар соны тілге тиек еткен. Байлық өнер мен білімде деп таныған Ә. көп ақынға ой тереңдігімен, дүниетанымымен дес бермеген. Ә. үркіншілік кезінде Қытайға өткен (1920 — 21 ж. шамасында). Жастайынан ән салып, халық аузына іліккеннен бастап ол ән шығара бастаған. Оның жас кезінде шығарған әні “Інжу-Маржан”— ән өнерінің үздік үлгісі. А. Жұбанов: “… Оның халық арасына көп тараған, балаға дейін білетін “Әсет” атанып кеткен әні Әсет шығармашылығының шыңы десе болады”, — деп жоғары баға береді. Ә-тің одан басқа “Мақпал”, “Қарагөз”, “Майда қоңыр”, “Гауһар қыз”, “Қоңыр қаз”, “Қисмет”, “Әпитөк”, т.б. әндері белгілі. Ә. әндері аса биік, аса ырғақты, қайырымы күрделі келеді. Ол Біржан сал, Ақан серіден кейін Арқа әндерінің дәстүрін жалғастырып, дамытты. Ә. — қазақтың көрнекті лирик ақыны. Замана шындығын шынайы суреттеу, айналасында болып жатқан оқиғалар мен құбылыстарды айқын да көркем жеткізу — Ә. лирикасына тән қасиеттер. Ә-тің “Қалдың ба, қайран қазақ, қамданбастан”, “Сабаздар санасы жоқ сатылып жүр”, “Жас жігіт надандықпен алданады”, т.б. өлеңдерінде ақын өз ортасының ащы шындығын бейнелейді, халқының басындағы ауыр тағдырға күйзеле отырып, өзінің ақындық шеберлігін, азаматтық үнін танытады. Ақын жаңа үлгідегі, оқиғалы дастан жанрын дамытуға мол үлес қосты. “Салиха — Сәмен”, “Ағаш ат”, “Перизат”, “Үш жетім қыз”, “Нұғыман-Нағым”, “Мәлік- Дарай”, “Жәмсап”, “Кешубай” сияқты бірқатар қисса-дастандары бар. “Салиха — Сәмен” дастаны мен “Ағаш ат” қиссасы — адал достықты, әділеттілікті жырлаған шығармалар. “Ағаш ат” — күрделі оқиғаға құрылған, фантастик. белгілері бар дастан. Дастанның композициялық құрылымы эпостық болғанымен, сюжеті аңыздық, яғни қиял-ғажайып ертегілерінің сарындары да кездеседі. Ә. дастандарының тақырыбы әр алуан. “Кешубай” дастаны қазақ тұрмысынан жазылса, “Француз” қиссасы басқаша құрылған.

Ә. — айтыс ақыны да. Ол Ырысжан, Бақтыбай, Кәрібай, Әріп, Қали, Сәмет, Қосымбай, Қызыр, Кемпірбай және Мәлике қызбен айтысқан. Солардың ішіндегі аса құндылары “Әсет пен Ырысжанның айтысы”, “Әсет пен Кәрібай айтысы”. Алғашқысы жұмбақ айтыстың үздік үлгісі болып саналады. Ырысжанмен айтысқанда Ә. он сегізде ғана екен. Соған қарамастан ол асқан тапқырлық пен білімділік танытып, күрделі жұмбақ түрінде берілген сұрақтарға дәл жауап қайтарып отырады. Ә-тің басқа да айтыстары қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар көркем дүниелер. Ә. шығармалары суырып салмалық өнер табиғатының заңдылықтарына сәйкес туған. Кейбір өлеңдерін жазып шығаруы да мүмкін. Бірақ ақынның өз қолымен жазылған немесе көзі тірісінде біреуге жаздыртқан әдеби мұрасы бізге беймәлім. Қолжазба қорларындағы нұсқалар түгелдей ел аузынан жиналған. 1910 ж. Қ. Халиди Ә-тен бірнеше салт өлеңдерін жазып алып, жариялаған. Кеңес дәуірінде Ә. өлеңін алғаш С.Сейфуллин (1925) бастырған. Ә. өмірі мен шығармашылығы туралы арнайы мақала тұңғыш рет 1936 ж. жарияланды (Б. ЬІсқақов). Ақыншығармаларының тұңғыш жинағы 1968 ж. Б. Адамбаевтың құрастыруымен басылды. Ә-тің 1968 жылғы жинағына 34 өлеңі (әнін қоса), 4 айтыс-қағысы, 4 дастан-қиссасы жарияланса, 1988 ж. “Әсет” жинағына (құрастырған Б. Нұржекеев) 29 ән мәтіні, 71 өлеңі, 10 айтыс-қағысы, 8 қисса- дастаны енгізілген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *