ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ (шілде, 1888, қазіргі Шығыс Қазақстан обл. Абай ауд. Қайнар а. — 6.12.1934, Алматы) — атақты әнші, актер әрі музыкант. Ә.Қ. 12 жасқа толғанда әкесі Семей қ-на көшіп келген. Жас Ә.Қ.Исабек деген байдың ат айдаушысы болып, еңбекке ерте араласады. Исабек жас әншіні жанына ерте жүріп, той-жиындарда ән салғызады. Көп ұзамай Ә-нің атақ-даңқы бүкіл Семей өңіріне жайылады. Әсіресе, Ә-нің атақты Қоянды жәрмеңкесіне баруы, Мәди Бәпиұлы, Ғ. Айтбаев және Қ. Байжановты көруі жас әншінің шығармашылық өмір жолында бетбұрыс жасады. Ә. 1921 — 24 ж. Семейде құрылған қазақ жастарының ағарту ұйымы “Ес-аймаққа” мүше болып, әншілік өнерін шыңдай түсті. 1924 ж. осы қалада ұйымдастырылған халық өнерпаздарының байқауына қатысып, бас бәйгеге (Байжановпен бірге) ие болды. 1925 ж. Қызылордада өткен Қазақстан Кеңестерінің 5-съезі мен 1927 ж. Мәскеуде болған Кеңестердің 4-съезіне делегат ретінде қатысып, әрі делегаттар үшін ұйымдастырылған концертте өнер көрсетті. 1925 ж. 26 маусымда осы концерт жайында “Правда” газеті “Керемет концерт. Маусымның шыңы. керек болса башқұрт қурайшысы Исенбаев, қазақ әншісі Әміре Қашаубаев, өзбек биші-әншісі Тама- ра Ханум… — шын мәнісіндегі халық артистері” деп жазды. 1925 ж. Париж қ-нда өткен Бүкіл дүние жүзі сән өнері көрмесінде Ә. “Ағаш аяқ”, “Қанапия”, “Үшдос”, “Жалғыз арша”, “Қос балапан”, т.б. әндерді орындап 2- бәйгемен қоса күміс медаль алды. “Париж апталығы” газеті мен “Ле мюзикаль” журналы Ә.Қ-тың сирек кездесетін талант екенін жазса, Сорбонна ун-тінің проф. Перно фонографқа Ә.Қ-тың орындауында бірнеше ән жазып алған. Сөйтіп, Ә.Қ шет елде өнер көрсеткен тұңғыш казақ әншісі болды. Арнайы шақыртумен келген Ә.Қ. 1927 ж. сәуір айында Мәскеу консерваториясының залында қазақ әндерін көрермендер алдында тамылжыта шырқады. Сол жылы Германияның Майндағы Франкфурт қ-нда өткен Халықар. муз. көрмеде концертке қатысып, тағы да қазақтың халық әндерін әлемге паш етті. Оның орындауындағы әндер сәнді ырғағымен, нәзік нақышымен, сазды әуенімен ерекшеленді. Ә.Қ-тың әндері дүние жүзі мәдениетінің ірі өкілдері Р.Роллан, А. Барбюс, т.б. тарапынан жоғары баға алған. А.В. Затаевич Ә.Қ-тың әншілік өнеріне тәнті болып, одан (“Балқадиша”, “Дударай”, Бес қарагер”, “Көк көбелек”, т.б. әндері) жазып алып, “Қазақтың 500 ән мен күйі” (1931) жинағында жариялады. Ә.Қ-тың әншілік қабілетін кезінде қазақ

әдебиеті мен өнерінің көрнекті өкілдері М. Әуезов, С. Сейфуллин, И. Байзақов, Ә. Марғұлан, Ж. Елебеков, Қ. Жандарбеков, А. Жұбанов, т.б. өте жоғары бағалаған. 1925 ж. Ә- нің орындауында фонографқа жазылып алынған “Жалғыз арша”, “Үш дос”, “Ағаш аяқ”, “Смет”, “Дударай”, “Бес қарагер” әндерін 1974 ж. музыка зерттеуші Ж. Шәкәрімов тауып, олар тех. өңдеуден өткеннен кейін қайтадан күйтабаққа түсірілді. 1926 ж. Қызылордада ашылған Қазақ драма театрының алғашқы актерлерінің бірі болып Ә.Қ. де қабылданып, Әуезовтің “Еңлік — Кебек” трагедиясы алғаш қойылғанда Жапал рөлінде ойнады. Кейін Коскелді, Қойшы, Жарас, Ақын (Әуезовтің “Қарагөз”, “Бәйбіше — тоқал” және “Айман — Шолпанында”), т.б. әр алуан кейіпкерлердің образдарын жасады. 1933 жылға дейін театрда әнші-актер болған Ә. 1934 ж. қазақ музыкалық театрына (қазіргі Қазақ опера және балет театры) ауысты. Ауыр сырқатқа шалдыққан әнші оқыстан қайғылы қазаға ұшырады. Әншінің өмірі мен шығармашылығы туралы Қ. Жармағамбетовтың “Әнші азамат” (1951), Н.И. Ановтың “Ән қанаты” (1956), М. Тоқжігітовтың “Ән атасы — Әміре” (1972), Ж. Шәкәрімовтің “Әміре” (1973), “Ән жұлдызы” (1978), “Әміре Қашаубаев” (1980) атты зерттеу еңбектері мен көркем шығармалары жарық көрген. Ә. Қашаубаев атындағы респ. жас әншілер байқауы өтіп тұрады.Семей қ-ндағы обл. филармония Ә. Қашаубаев атымен аталады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *