ӘЛМЕН Байқаллаққызы

ӘЛМЕН Байқаллаққызы (шамамен 19 ғ-дың 2-жартысы, қазіргі Жамбыл обл. Қордай ауд. Сұлутөр өңірі — ө.ж.б., сонда) — айтыскер ақын. Ақындық өнері тым ерте, қаршадай қыз күнінде-ақ танылған. Замандасы Тәкен сал Байғұттыұлының ұзатылып бара жатқан ақын қыздың соңынан қуып келіп, жолда айтысуының өзі оның 15-16жасында-ақ ел мойындаған ақын болғанын дәлелдейді.

Ә. бөбек кезінде-ақ “бесік кертпе” салтымен атастырылып қойылған екен. Қыз өскесін, болашақ күйеуін “айран” таз болғаны үшін менсінбейді, бірақ әкесінің еркінен шыға алмай, еріксіз ұзатылып кете барады. Ол өмір бойы өксіп: “Сайрап жүрген саяда бұлбұл едім, Мойныма түсірді-ау тұзақ-тор ғып”, — деп зарлаумен өткен.

От ауыз, орақ тілді ақын қыз бойға біткен өнерінен қол үзбей, өз тұсындағы өлеңші, ақын атаулының бәрін жеңген. Ә. айтыстары бізге түгел жетпеген. Хатқа түскендері қайнағасы Ешмадиярмен сөз қақпайлары, Олжабаймен айтысының үзінділері, Қабасақалмен және Төкен салмен айтысы, сондай-ақ Бектұрған қайнағасына айтқаны және “Құдай неге жаратқан қызды қорғып” деп басталатын ұзақ толғауы. Ә. өлеңдері “Айтыс” топтамасының 1-кітабына енген (А., 1988).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *