ӘЗІРБАЙЖАН

ӘЗІРБАЙЖАН, Әзірбайжан Республикасы – Кавказдың оңтүстік-шығысында орналасқан мемлекет. Негізгі заңы – 1995 ж. 12 қарашада қабылданған Конституция. Мемлекет басшысы – Президент. Заң шығарушы  жоғары органы – тұрақты парламент (милли меджлис, 125 депутаттан тұрады). Атқарушы өкіметтің жоғары органы – Министрлер Кабинеті, оны премьер-министр басқарады. Ә.солт-нде Ресеймен, солт.-батысында Грузиямен, оңт.-батысында Армения жән Түркиямен, оңт-нде Иранмен, шығысында Каспий т.арқылы Қазақстанмен шектеседі. Аум.86,6 мың км2,халқы 7,5 млн.адам (1995). Астанасы – Баку (1,1 млн адам).Халқының 83%-і әзербайжандар. Мемл.тілі – әзербайжан тілі. Халқы, негізінен, ислам (шиит және суннит ағымдары) дінін ұстанады.

Табиғаты.Әзірбайжанның жер бедерінің үштен екісін Үлкен және Кіші Кавказтаулары, Қарабақ жанартаулық таулы үстірті және Талыш таулары алып жатыр. Ең биік жері – Базардүзі (4466 м). Климаты қоңыржай белдеумен (Құра-Аракс ойпатында) субтропикалық белдеуді (Ленкоран ойпаты) құрайды. Қаңтар айының орташа температурасы ойпатты аудандарда 00С-тан 30С-қа дейін, шілденің орташа температурасы 25 – 270С. Жауын-шашынның орташа мөлшері тау етектерінде 200 мм, тау-беткейлерінде 1400 мм, ал Ленкоран ойпатында 1700 мм-ге жетеді. Ірі өзендері Құра және Аракс. Ең үлкен көлдері – Қажықабұл және Бөйүкшор. Ойпатта шөл, шөлейт және құрғақ дала өсімдіктері өседі, таулы жерлерде жалпақ жапырақты орман басым.Кен байлықтарынан мұнай мен газ, сондай-ақ алунит, полиметалл түрлері, мыс кентасы, алтын, молибден; құрылыс материалдарынан: мәрмәр, коалин, туф, доломит, т.б. өндіріледі.

Тарихы. Ә.жеріне адамдар палеолит заманында қоныстана бастады. Тұңғыш мемлекеттік бірлестік. Тұңғыш мемлекеттік бірлестік Оңт.Ә-да өмір сүрген манналықтардың, кейіннен осында ішінара қоныстанған лидиялықтардың тайпалық одақтары негізінде құрылды. Б.з.б. 1- мыңжылдықта Ә.жерінде кадусилер, кспилер, албандар, т.б. қоныстанады.Б.з.б 9 ғ-да Маннада ертедегі құл иеленуші мемл., б.з.б. 7 ғ-дың 70-жылдары Мидия мемлекеті құрылып, оның құрамына Оңт.(Ирандық) Ә-ның, кейінірек Антропатена аталған Кіші Мидия обл-тары да кірді. Бұл мемлекет 150 жылға дейін өмір сүрді. Кейін Антропатена сөзінен қазіргі «Әзербайджан» (грек., сөзбе-сөз аударғанда «от сақтаушылар елі»)деген атау шықты.

Біздің заманымыздан бұрынғы 3 – 2 ғасырларда Әзірбайжанның солтүстік бөлігі мен Дағыстан жағында Албаниямемлекеті пайда болды. Біздің заманымыздың 4 ғасырында Рим империясы мен Иран арасындағы соғыстың салдарынан Албания Иранның қол астына өтеді. 8 ғасырдың басында арабтар Әзірбайжанды түгел бағындырып, ислам дінін таратты. 9 ғасырдың басында Әзірбайжан мен Иранда арабтар мен жергілікті билеушілерге қарсы Бабекбастаған соғыс 20 жылға созылды. 11 ғасырдың ортасында Әзірбайжанды салжұқтар басып алды. Әзірбайжан халқы негізінен 11 – 13 ғасырларда түрік тайпаларының негізінде қалыптасты. 13 ғасырдың 30-жылдарында Әзірбайжанды және оған көрші елдерді моңғолдар жаулап алып, Хулагу әулеті билеген мемлекет құрылды. 16 ғасырдың басындаӘзірбайжан жерінде Сефеви әулетінің мемлекеті орнады. 16 ғасырдың соңына қарай Әзірбайжанның солтүстігі мен оңтүстігіндегі едәуір жерді түріктер жаулап алды. 17 ғасырдың 30-жылдарының аяғында Әзірбайжан Иранның қол астына қарады. 1723 – 35 жылдары Әзірбайжанның Каспий жағалауындағы аймақтарын Ресей жаулап алды. 1805 – 13 жылдары және 1826 – 28 жылдары орыс-иран соғыстары барысында Солтүстік Әзірбайжан Ресейге қосылды. 1917 жылы қарашада Әзірбайжанда Кеңес өкіметі орнады. 1922 жылы 30 желтоқсанда Әзірбайжан Кавказ Федеративтік Кеңес Республикасы (КФКР), 1936 жылы КСРОқұрамына кірді. Кеңес Одағы құрамында болған кезеңде кейбір әлеуметтік қайшылықтарға қарамастан Әзірбайжанның экономикалық және мәдени дамуы жүзеге асты.1991 жылы 30 тамызда Әзірбайжанның Жоғарғы Кеңесі 1918 жылғы Шарт негізінде мемлекеттік тәуелсіздікті қалпына келтіру жөнінде Декларация, 1991 жылы 18 қазанда «Әзірбайжан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жөнінде» Конституциялық шарт қабылданды. Дербес мемлекет ретінде Қазақстан Республикасымен 1992 жылы 27 тамызда дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. 1996  ж. 16 қыркүйекте Бакуде Қазақстан мен Ә. арасындағы қарым-қатынастардың негіздері туралы шарт, Каспий т-нің мәселелері бойынша бірлескен мәлімдеме, қосарланған салық салуға жол бермеу, инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау, мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастық туралы, әуе және автомоб.қатынастары туралы келісімдер жасалды. 1997 ж. 10 маусымда Алматыда  екі республика арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытып, тереңдету туралы Декларация мен мұнайды халықар. Рыноктарға тасымалдаудағы ынтымақтастық туралы меморандумға, азаматтық істер эөніндегі құқықтық көмек туралы Шартқа, т.б. үкіметаралық он екі келісімге қол қойылды.

Экономикасы. Әзірбайжан индустриалды және ауыл шаруашылығы көп салалы ел. Жері мұнай мен табиғи газға бай. Сапасы жоғары темір кендері, алюминий шикізаты, хром, молибден, кобальт, алтын, күкірт колчеданы және әртүрлі құрылыс материалдары, полиметалл кендері мен емдік минерал су көздері бар. Мұнай-газ, машина жасау және металл өңдеу, химия және мұнай химиясы өнеркәсіптері елеулі маңыз атқарады. Әзірбайжанда жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары әртүрлі маталар, тігін және былғары бұйымдарын, аяқ киімдер шығарады. Ауыл шаруашылығында мақта, темекі, бау-бақша өнімдері және мал шаруашылықтарының маңызы зор. Тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары түрлі шарап пен коньяк, консерві, ұн, темекі, балық өнімдерін шығарады.Таулы Қарабахтағы соғыс Ә. экон-сын үлкен шығынға ұшыратты, ел тәуелсіздігіне қауіп төндірді. 1995 ж. Ә-ның ұлттық табысы 7,1 млрд. АҚШ доллары мөлшерінде болды. Экспортқа 1996ж.54 млн.доллардың өнімі шығарылса, импортпен 961 млн. доллар өнімі алынды.

Әдебиеті мен өнері. Ә.әдебиеті әзербайжан халқының көп жанрлы, бай фольклорынан бастау алады. Батырлық эпос-дастандардың ішіндегі ең көрнектісі – «Көроғылы» дастаны. Бұл эпос Таяу Шығыс, Орта Азия елдерінде кең тараған. Сондай-ақ басқа да жыршы-ашугтар орындауындағы ауыз әдебиеті үлгілері 16 ғ-дан бастап жазып алына бастады. Ашуг поэзиясы мәдениет пен жазба әдебиеттің дамуына үлкен әсер етті.

Ә.мәдениетіне араб (7-9 ғ) және иран (11 ғ) мәдениеті зор ықпал жасады.Араб,парсы тілдері ресми құжат, ғылыми және көркем әдебиет тіліне айналды. Хатиб Тебризи, Гетран Тебризи сияқты ақындар мен ғалымдар өз шығармаларын сол тілдерде жазды. 12 ғ-дағы Ә.поэзиясының шыңы – Гәнжауи Низами шығармашылығы арқылы көрінді. 13-14 ғ-да Ә.әдебиетінде сопылық сарын күшейді. Ұлттық әдеби тіл мен прозаның қалыптасуы Мұхаммед Сүлейман Физули (1494-1556) есімімен байланысты. 19 ғ-да Ә.әдебиеті өзінің классик.дәстүрін жалғастыра отырып, демокр.орыс әдебиетінің ықпалын бойына сіңірді. Реалистік әдебиеттің дамуында М.Ф.Ахундовтың ықпалы зор болды.

20 ғ-дың алғашқы жартысында поэзияда мазмұн мен форма бірлігі жөнінде жаңа талпыныстар жасалды. Тарихи-революциялық тақырыпқа түрлі шығармалар жазылды(М.Гусейннің «Таң» романы, Вургунның поэмалары), соғыс туралы роман, повестер жарық көрді, қала жұмысшыларына, ауыл еңбеккерлеріне шығармалар арналды. 60-70 ж.психологиялық әңгімелер, лирикалық повестер көрініс берді (А.Айлисли, И.Гусейнов, Р.Ибрагимбеков т.б.)

Ә.сәулет  өнері тарихы б.з.б. 9-6 ғ-дан басталатынын ескі қалалардың орны дәлелдейді. 5-6 ғ-да қалалар қалың дуалдармен, қорғандармен қоршалған. Оның бір көрінісі – Шыраққала (6ғ.).Ал сәулет және бейнелеу өнерінің кемелдене дамыған кезеңі – 11-13 ғ-лардың тұсы (Жүсіп, Момине қатын кесенелері, Қыз мұнарасы, Қырмызы күмбезі, т.б.). Одан бергі кезеңде Ә.сәклет өнері ұлттық дәстүрлерді сақтай отырып, қазіргі заманғы архитектураның жарқын үлгілерін өмірге әкелді. Кабустандағы тау шыңына қашалып салынған үлкен сурет «галерясы» (б.з.б. 8-7 ғ.) халықтық өнер таризының көне дәуірден бастау алатындығын көрсетеді. Осы кезде дами бастаған Тебриз шеберлерінің миниатюралық мектебі 15-16 ғ-ларда дәуірлеп, хұснихат пен қолжазба кітаптарды көркемдеуге бүкіл мұсылман елдеріне үлгі көрсетті.Өнердегі осы дәуірді 20 ғ-да М.Абдуллаев, А.Жафаров, С.Дадашов, Н.Касумов т.б. жалғастырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *