ӘДІЛСОТ — соттың іс жүргізу тәртібімен азаматтардың, ұйымдардың және мемлекеттің құқылары мен мүдделерін қорғау мақсатында азаматтық және қылмыстық істерді, сондай-ақ экономикалық дау-дамайларды қарап, шешу жөніндегі құқық қолданушылық қызметі. Қазақстан РеспубликасыныңКонституциясына сәйкес Әділсотты тек сот қана жүзеге асырады (75-бап). Сот билігі конституциялық, азаматтық, әкімшіліктік және қылмыстық сот өндірісі арқылы жүзеге асады. Қазақстан Республикасының сот жүйесі Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының Президентінің 1995 жылы 20 желтоқсандағы “Қазақстан Республикасының соттары және судьялардың статустары туралы” Жарлығында айқындалған. Ешбір органның, лауазымды немесе өзге адамның өзіне соттың қызметтік міндетін алуға қақы жоқ. Әділсот — заңдылық, соттардың сайланбалылығы мен тағайындалатындығы, судьялардың тәуелсіздігі, тараптардың заң мен сот алдында теңдігі, кінәсіздік презумпциясы, сотта іс қараудың жариялылығы, т.б. принциптердің негізінде салтанат құрады.