ӘБІЛҚАЙЫР МЕН СӘМЕКЕ ХАНДАРДЫҢ ЕДІЛ ҚАЛМАҚТАРЫНА ҚАРСЫ ЖОРЫҚТАРЫ — орыс деректерінде екі ханның күш біріктіріп, Еділ бойындағы Кіші Қалмақ ордасына қарсы 2 дүркін жасаған жорығы. Алғашқысы 1723 жылдың 12 желтоқсанында басталды. Әбілқайыр хан мен Сәмеке хан 40 мың адамдық жасақпен Аюке хан иелігіне басып кірді. Бұл туралы Қалмақ ордасына Ресей шекара үкіметі алдын-ала хабар берген. Соғыста олжаға түскен мал “ақтабанға…” ұшырап, аштық қысып жатқан елге үлестірілді. Бұдан кейінгі жорық 1726 жылдың жазында жасалды. Бұл жорықта Әбілқайыр мен Сәмеке қолына “найман ханы” Барақ сұлтан, Есім сұлтан қосылады. Кіші қалмақ ордасының бұл кездегі ханы Аюкенің ұлы Черен Дондук 30 мың әскерімен қазақтарға күшті қарсылық жасай алмайды. 4 күнгі шайқастан кейін Черен Дондук хан бітім шартын жасауға мәжбүр болады. Бұл бітім бойынша сол жылғы бесіктегі бала ат жалын тартып мінгенше (16—17-ге толғанша) соғыспауға келісіліп, екі жақ қанға қол матырысып, анттасады. Бұл екі жорықтың қазақ жерін қалмықтардан босатуда зор стратег. маңызы болды. Ресей шекара бекіністеріне, Сауран, Сығанаққа босып кеткен ел ата қонысына оралды.