ӘБУ ХАНИФА,ән-Нұғман ибн Сәбит ибн Зуто ибн Маһ (699-Куфа қ, — 767) – араб ғұламасы, ұлы имам. Кейбір ғалымдар оның есіміндегі «зуто» сөзіне байланысты парсы әулетінен шыққан болуы мүмкін деп есептейді. Бірқатар дерек көзі бойынша ұлты – араб. Бабасы Зуто құл болған. Өзі кездеме сатушы саудагерлікпен, тігіншілікпен мол байлық жинаған. Мұхаммед пайғамбардың сахабасы Әли Әбу Талибтің заманында өмір сүрген. Дін ілімінің білімдары, факих, мұхадис, ханифашылдар мазһабтың негізін салушы Ә.Х-ның кең тараған еңбектері – «әл Фикх әл-акбар» және «әл-Муснад». Алғашқысы акида (сенім, қағида) негігіздерін баяндайды. Ол Ә.Х. дәрістерінен, ой-пікір, пайымдауларынан, шәкірттер сұрақтары мен оған берілген жауаптарынан тұрады. Бұл еңбекті хадистер жиынтығы ретінде Ә.Х.-ның шәкірттері мен ізбасарлары құрастырған. Ә.Х. жас кезінде соңғы асхабтарды тыңдаған. 22 жасында Ирактың аса көрнекті ғұламасы Хаммад бин Әбу Сүлейменнің шәкірті болған. Оның үйірмесінде 18 жыл сабақ алып, кейін Куфа мен Басрадағы беделді факих ретінде 10 жылдай осы үйірмені өзі басқарған. 747-48 ж.Ә.Х өзін мемлекеттік қызмет атқаруға зорлап соңына түскен Ирактың әкімі ибн Хұбайрадан құтылмақ болып, Меккеге аттанады. Аббас әулеті өкімет басына келгенннен кейін Ә.Х. Иракқа көшіп келіп, сонда өмір кешкен. Халифа әл-Мансұр (754-775) оған жаңа астана Бағдадта қазының орнын немесе басқа жоғары қызмет ұсынғанда Ә.Х. одан бас тартқан.Ә.Х-ны көндіру үшін халифа оны ұлғайған жасына, беделіне қарамай абақтыға қамап дүре соққызған. Бұған шыдамаған Ә.Х. көп ұзамай дүние салды. Ә.Х. – 55 мәрте қажыға барған «Имам Аязам», яғни ұлы имам деп аталады. Ол кісінің тақуалығы, әділдігі, адалдығы,қайырымдылығы, ойшылдығы, намаз, аят оқудағы өзіндік ерекшеліктері туралы аңыз-әңгімелер көп.