ӘБУ ОМАР ОСМАН ӘЛ-ЖҮЗЖАНИ, Әбу Омар Осман ибн Мұхаммед әл-Менхадж әд-Дин бин Сирадж әл-Жүзжани (1193, Иран — ө.ж.б.) — тарихшы, қазы. Солт.Ауғанстанның Фирузкух, Бамиян Гур сұлтандары сарайында қызметте болған. Нимрузға (Сейстан) екі рет елшілікке барып қайтқан (1225/26). моңғол шапқыншылығы кезінде (1226) Үндістанға қашып, онда Синд әміршісінен қолдау табады. Кейін мәмлүк сұлтандарының билік еткен тұсында Делиде қазылық қызмет атқарған. 1260 ж. ол ежелгі заманнан бастап 1253/90 жылдарға дейінгі тарихи оқиғалар қамтылған “Табақат-и-Насири” аталатын жалпы тарихқа арналған еңбегін жазып бітірді. Мұнда моңғол шапқыншылығы кезіндегі Үндістан мен Иран тарихы, Қазақстанға қатысты мағлұматтар берілген. Әсіресе моңғол шапқыншылығы тұсындағы қазақ жеріндегі өлген адамды жерлеу дәстүрі туралы қызықты мағлұмат келтірген.