ӘБУ-Л-ФИДА, Имад әд-Дин әл-Мәлік әл-Му аййад Исмаил ибн Әли әл-Айюби (1273, Дамаск — 1331) — араб тарихшысы, географ. Әкесі Сириядағы Хама эмиратыныңбилеушісі болған. Әдеби білім алып, әскери тәрбиеде өскен Әбу-Л-Фида 1292 ж. мамлүк сұлтаны Лашинаның Кіші Азияға жорығына қатысты. “Тақуим әл-бұлдан” (“Елдерді жүйелеу”) атты екі бөлімнен тұратын географиялық шығарма жазған. Шығарманың 1-бөлімінде өзен-көлдер, таулар мен теңіздерге сипаттама берілген, 2-бөлім — Арабиядан бастап, Хорезм мен Мауераннахрмен аяқталатын географиялық аймақтарға арналған 28 тараудан тұрады. Еңбекте географиялық аймақтардың шекаралары, саяси жағынан бөлінуі, елді мекендер, ондағы халықтардың этникалық құрамы, әдет-ғұрпы, ертеректегі мәдени ескерткіштері туралы мәліметтер бар. Әбу-Л-Фида шығармасы қыпшақтар мен құмандар туралы тарихи-географиялық құнды дерек болып табылады. Құмандардың Азов (Азу) және Қара теңіз жағалауындағы далаларға қоныс аудармас бұрын 9 — 10 ғ-да Арал маңын мекендегені, олардың ғарыш туралы танымы, діни нанымдары жөнінде мағлұматтар берілген. “Тақуим әл-бұлданда” Әбу Исхақ әл-Истахри, Әбу Абдоллах Мұхаммед әл-Идриси, ибн Саидтың (13ғ.) еңбектері пайдаланылған. “Мұхтасар тарих әл-башар” (“Адамзаттың қысқаша тарихы”) атты Изз әд-Дин Әбу-л-Хасан Әли ибн әл-Асирдің шығармасы негізінде өзінің қосымшаларымен толықтырылған еңбегін жазды. Бұл шығармада ежелгі дүниеден 1329 жылға дейінгі оқиғалар баяндалады.