ӘБУ-Л-ФАРАДЖ ҚҰДАМА ИБН ЖАФАР ӘЛ-БАСРИ (т.ж.б. — шамамен 948—58 ж.) — әдебиетші, географ. Халиф әл-Муктафи тұсында христиан дінінен бас тартып, исламдықабылдаған. Бағдатта бірқатар мемлекеттік жоғары қызметтер атқарған. Оның бізге мемлекеттік басқару жөнінде бір ғана еңбегі және проза мен поэзия теориясы туралы 2 шығармасы жеткен. Китаб Әл-Харадж Уә Санат Әл-Китаба (“Жер салығы туралы кітап”) атты географиялық-әкімшілік анықтама еңбегінде автор ресми мемлекеттік құжаттар мен Әбу-Л-Қасым Ұбайдолллах ибн Хордадбектің еңбектерін Әбу-Л-Аббас Ахмед әл-Белазури пайдаланған. Шығарма 928 ж. жазылған. Мұнда халифат пен оған көршілес елдерге географиялық сипаттама беріліп, халифаттың әкімш-терр. жағынан бөлінуі, ондағы салық жүйесі, қалалар, таулар мен өзен-көлдер жөнінде мәліметтер келтірілген. Бұл еңбек 9 — 10 ғ-лардағы халифаттың географиясы, экономикасы жөнінде құнды дерек болып табылады. Әсіресе, автордың қарлұқ, қимақ тайпалары, Оңт. Қазақстандағы қалалар жөніндегі мәліметтерінің Қазақстан тарихы үшін маңызы зор.