ӘБУ-Л-ФАЗЛ БЕЙҺАҚИ Әбу-л-Фазл Мұхаммед ибн әл-Хусейн әл-Бейһақи (996, Хорасан, Бейхақ өлкесі, Харисабад деген жерде — 1077, сонда) — тарихшы. Кейбір деректерде жас кезінде Нишапурде білім алған делінеді. Кейін Махмуд Ғазнауи сарайында ұзақ жылдар бойы кеңсе қызметкері (диуан-и рисалат) болған. Сұлтан Абд-ар-Рашид тұсында (1040 — 52) осы кеңсені басқарып, кейін түрмеге жабылған. Фаррух зада билік еткен кезінде (1050 — 59) қызметтен біржолата кеткен. Әбу-Л-Фазл Бейхақи өмірінің соңғы жылдарында “Тарих-и-Бейхақи” (“Бейхақи тарихы”) немесе “Тарих-е-Ал-и Себук-тегин” (“Себүк-Тегін әулетінің тарихы”) аталатын көлемді еңбегін жазумен шұғылданды. Шығармада Ғазнауи, Самани әулеттері тұсындағы Иран тарихы қамтылып, түркі тайпалары жөнінде де қызықты мағлұматтар беріледі.