ӘБУ ЖҮСІП Әбу Жүсіп Жақып бин Ибрагим әл-Күфи әл-Ансари (731, Куфа қаласы — 804 Бағдат) — мұсылмандық құқықтың (фикһтің) білгірі, діндар ғалым. 13 жасынан шариғат заңдарын оқып үйренген. 751 — 66 ж. аралығында мұсылмандық-құқықтық мектептің негізін салушылардың бірі, көрнекті факих Әбу Ханифаның (786 — 809) шәкірті әрі көмекшісі болған. 767 ж. Әбу Жүсіп Бағдат қазиы қызметіне тағайындалған. Кейін оны халиф Харун әр-Рашид (786 — 809) жоғарғы мәртебелі қази қызметіне көтерді.
Әбу Жүсіп өмір бойы үш міндетті: мұжтахид (шариғат білгірі), факих (құқықтанушы) және қази (сот төрешісі) қызметін қатар атқарған. Ұстазы Әбу Ханифа негізін қалаған мазһаб (мұсылманның мінез-құлқын бағалаудың жосықты тәсілдерін ұсынған құқықтық мектеп) өкілі ретінде соттар төрелік құрып, үкім кесер кезде ұстануға тиіс адамгершілік-имандық қағидаларды уағыздады. Құқықтанушы ғалым “Китаб әл-харадж” (“Алым-салық туралы кітап”) атты еңбегінде сот төрелігінің әділ болуын бақылау мемл-тің міндеті екенін жазды: “Істі дұрыс қарамағандықтан, түрмеге қамалғандар саны соншалықты көбейіп кетті — адамды абақтыға тығуды біледі, ал оның ісін қарап, ақ-қарасын тексерумен шаруасы жоқ. Сен өзіңнің уәзірлеріңе қамаудағылардың ісін күн сайын талқылап отыруды тапсыр: (соттың ұйғарымы бойынша) кімде-кім дене жазасына кесілсе, жазасын алсын да босатылсын, ал ешқандай теріс қылық істемегендер текке қамалып, жазықсыз жапа шекпесін” деді. Әсіресе, ол қазилардың әділеттілікке сүйенуге — мұсылмандар арасындағы дау-дамайды шешу кезінде парасатқа жүгінуге, бұра тартпауға тиістігін уағыздады. Әбу Жүсіптің кейбір ой-пікірлері осы заманғы сот этикасының нормаларына пара-пар келеді. Мысалы, ол қазидың ақыл-есі кемісе, сезім мүшелері нашарласа,әдепсіз, ынсапсыз мінез байқатса, тура жолдан тайып, пара алса, істі әділ шешпесе, кәсіби білігін жетілдірмей, шалағайлыққа ұрынса, қызметінен кетуге, орнынан алынуға тиіс деген шарт қойған.