ӘБУ ЖАФАР АТ-ТУСИ, Әбу Жафар Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Хасан Әбу Бәкр Насреддин ат-Туси (18.2.1201, Орта Азияның Тус қаласы, — 25.6.1274, Бағдат) — математик, философ, астроном, әдебиет зерттеушісі.1256 ж. Хулагу ханның ордасына келіп, оның ақылшысы болған. Әзірбайжандағы әйгілі Мараға обсерваториясының негізін қалаған. Осы обсерваторияның ғалымдары Әбу Жафар Ат-Тусидің басшылығымен “Зидж Елхани” деп аталатын астрономиялық еңбек жазды. Әбу Жафар Ат-Тусидің көрнекті математикалық еңбектерінің бірі “Толық төртбұрыш туралы трактат” деп аталады. Мұнда тригонометрия тұңғыш рет өз алдына дербес пән ретінде баяндалады. Ол “Евклидті баяндау” деп аталатын шығармасында евклидтік емес геометрияның даму тарихында үлкен орны бар жаңалықтар ашты. Әбу Жафар Ат-Туси Архимедтің “Шар және цилиндр туралы” т.б. еңбектеріне талдау жасап, оның идеяларын ілгері дамытты. Әбу Жафар Ат-Тусидің еңбектері орта ғасырларда-ақ Еуропада кеңінен мәлім болды. Сөйтіп ол математика мен астрономияның дамуына игілікті ықпал етті. Ол Кухстанды билеуші Исмаил әулетінің сұрануымен этикалық тақырыпта “Ахлақи Насыри” атты еңбек жазды. Оның Әбу Наср әл-Фараби мен Әбу Әли ибн Синаның ғылыми-философиялық еңбектеріне жазған түсініктері құнды дүние болып саналады. Әбу Жафар Ат-Тусидің “ Асас әл-иктибас” атты логикалық кітабының 10-тарауы мен “Мизан әл-ашар” атты еңбегі поэзияның мәні мен өлшемдері, ұйқасы туралы жазылған. Сондай-ақ осы кітапта ол Мұхаммед Садуллахтың“Мизан әл-афкар” (1883 ж. жарияланды) атты кітабына түсінік береді.