ӘБУ АБДАЛЛАҺ әл-ХОРЕЗМИ, Әбу Абдаллаһ Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезми (787, Хиуа – 850 шамасында) – математика және астроном. «Үнділер саны» (есебі)деп аталатын арифметикалық трактаттың авторы. Трактаттың араб тіліндегі нұсқасы жоғалған, бірақ оның 12 ғ-да латын тілінде аударылып шыққан нұсқасы сақталған. Осы аударма арқылы Еуропа елдері есептеудің үнділік ондық позициялық жүйесімен танысты. Ә.А.әл-Х-дің «Китаб мұхтасар әл-джәбр уә – л- мұқабала» («Толтыру және қарсы қою жөніндегі қысқаша кітап») деген еңбегі – математика тарихында алгебраны дербес баяндауға арналған тұңғыш кітап. Онда 1-және 2-дәрежелі теңдеулерді шешу, т.б.жүйелі түрде баяндалған. Бұл еңбек Еуропа елдерінде алгебра бойынша негізгі басшылыққа алынатын кітап болды. «әл-джәбр» амалы (теңдеулердің бір мүшесін оның екінші жағына таңбасын кері өзгертіп шығару) кейін алгебра атауының шығуына себеп болды. Ал әл-Хорезми есімі әуелі үнді сандарының көмегімен арифметикаға белгі ретінде енді, кейін ол белгілі ережемен ғана орындалатын кез келген есептеу жүйесінің жалпы аты (алгоритм) болып қалыптасты. Ә.А.әл-Х. Астролябия және күн сағаты туралы еңбектер жазған, сондай-ақ астрон.кестелер құрастырған. Оның «Жер бейнесі» деген георг.еңбегінің қолжазбасы 1878 д-дан белгілі.